Аңдатпа
Ұсынылып отырған мақалада Қазақстандағы мемлекеттік әлеуметтік жаңғырту саясатының басымдықтары қаралады. Сол басымдықтардың ішінде автор халықты жұмыспен қамту саласы мен денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік жаңғырту саясатының нәтижелеріне тоқталып өткен. Мемлекеттің әлеуметтік жаңғырту саясатының басты бағыты халықты жұмыспен қамту мәселелерімен байланысты. Жұмыспен қамту саясаты өз кезегінде келесі бағыттарды қамтиды: аймақтардағы халықтың жұмысбастылығын арттыру, оларды оңтайлы орналастыру мен жұмыспен қамтамасыз ету механизмін жетілдіру; ауыл халқының жұмыспен қамтамасыз етілу көрсеткішін жақсарту үшін ауылды жерлерде кәсіпкерліктің дамуына қолдау көрсетіп, жағдай жасау; еңбек ресурстарының жинақылығын арттыру үшін Қазақстанның дамуы төмен аймақтарынан әлеуметтік-экономикалық жағдайы жоғары басқа елді мекеніне көшуге қолдау көрсету және т.б. Сондай-ақ, аталмыш мақалада денсаулық сақтау саласын жаңғырту мәселелері, сол салада жүргізілген мемлекеттік саясаттың оң нәтижелері мен проблемалары қаралған. Салада жүргізілген реформалардың оң нәтижелері ретінде Біріңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі құрылуы, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы, мемлекеттік және жеке меншік ауруханалардың, әртүрлі деңгейдегі амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін объектілердің салынуы, медициналық кластердің құрылуы, саланы қаржыландыру көлемінің артуы, еліміздің оқшау жатқан аудандарын медициналық қызметпен қамтамасыз ететін транспорттық медицина енгізілуі сияқты жетістіктер атап көрсетілген. Сондай-ақ, мақалада денсаулық сақтау саласындағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жүйесінің жеткілікті деңгейде дамымауы, әлемдік стандарттармен салыстырғанда саланы қаржыландыру деңгейінің төмендігі сияқты өзекті мәселелер де қаралған.