Preview

«Тұран» университетінің хабаршысы

Кеңейтілген іздеу
№ 3 (2022)
Шығарылымды жүктеу PDF (Russian)

ЭКОНОМИКА: ТАРИХ, ТЕОРИЯ, ПРАКТИКА 

11-21 888
Аңдатпа

Өнеркәсіптік кәсіпорындардағы еңбек әлеуетінің сапасын арттыру мәселелері, әсіресе цифрлық технологияларды енгізу нәтижесінде пандемиядан кейінгі кезеңде өткір өзектілікке ие. Мақалада өнеркәсіптік кәсіпорындардың еңбек әлеуетін басқару мәселелері қарастырылған. Ұсынылып отырған ғылыми мақаланың мақсаты өнеркәсіптік кәсіпорындардың еңбек әлеуетін басқару механизмі ретінде еңбек ресурстарын бағалау мониторингінің алгоритмін жасау болып табылады. Еңбек әлеуетін зерделеу объектісі ретінде отандық «ӨАЗ» АҚ кәсіпорнының (бұдан әрі – кәсіпорын) 2019-2021 жылдарға арналған есептік деректері пайдаланылды. Кәсіпорындардың еңбек ресурстарын басқару теориясының негізгі ережелері, олардың қалыптасуы мен дамуы қарастырылады. Қазақстанның ірі өнеркәсіптік машина жасау кәсіпорындары үшін қазіргі еңбек ресурстарын басқару жүйесінің негізгі мақсаттары мен міндеттері айқындалған. Кәсіпорындардың еңбек әлеуетін басқару теориясы мен практикасының негізгі ережелері, оның құрылымы мен динамикасы, еңбек потенциалының қалыптасуы мен дамуына әсер етуші факторлар талданады. Еңбек әлеуеті санының азаюы, еңбек әлеуеті құрылымының нормадан ауытқуы және басқарушылардың үлес салмағының нормадан жоғары болуы, жұмысшылардың үлес салмағының нормадан төмен болуы сияқты теріс тенденциялар анықталды. Еңбекақы қорын қалыптастыру мен бөлудегі кемшіліктер анықталды. Кәсіпорынның еңбек әлеуетін басқару жүйесін, атап айтқанда, әрбір маманның кәсіби және біліктілік мәртебесі, оның кәсіпорынның инновациялық даму стратегиясының талаптарына сәйкестігі мен сарапшылық басқару әдістерін және еңбек ресурстары мен еңбек ресурстарының жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізу негізінде кәсіпорынның адами капиталын дамытуды басқару механизмін жетілдіру, бойынша іс-шаралар ұсынылады.

22-32 407
Аңдатпа

Экономиканың құрылымдық өзгерістер мәселесі әлі күнге дейін бірқатар посткеңестік елдер үшін, соның ішінде Қазақстан үшін де өткір болып отыр. Ресурстардың орасан зор қоры бар ел әлі де дамудың шикізаттық бағытынан алыстап кеткен жоқ. Өңдеу өнеркәсібінің үлес салмағы экономикалық өсудің жоғары қарқынды жылдарында (2000–2007) күрт төмендеді. Соңғы жылдары мемлекет айтарлықтай қолдау көрсетсе де, еңбек өнімділігі, өңдеуші өнеркәсіпке инвестициялар сияқты көрсеткіштер үлесі төмендеді. Сондықтан, біздің көзқарасымыз бойынша, құрылымдық өзгерістер саласындағы зерттеулер өзектілігін жоғалтпайды. Құрылымдық өзгерістердің көрсеткіштерінің бірі салалардың өсу икемділік коэффициенті болып табылады. Мақала жазу барысында авторлар 1991 жылдан 2020 жылға дейін Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі салаларының өсу икемділігін талдауды алдына мақсат етіп қойды. Салалар өсуінің икемділік коэффициенті салалар өсуінің жалпы өнеркәсіптің өсуіне қатынасы ретінде есептелді. Осы орайда, біз салалық өндірістің өсу қарқынын және жалпы Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқынын ескердік. Соңында «нөлдік өсу икемділігі» бар салалар, яғни бес санат ұсынылған.Авторлар ресми логика, көрсеткіштерді салыстырмалы және факторлық талдау әдісін қолданды. Жүргізілген талдау, біздің ойымызша, Қазақстанның өңдеуші өнеркәсіп салаларындағы өндірістің салыстырмалы өсу динамикасындағы өзгерістерді көрсетеді және осы саладағы одан әрі зерттеулер үшін пайдаланылуы мүмкін.

33-47 353
Аңдатпа

Мақаланың мақсаты – интеграция жағдайындағы Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы астық өндірісінің рөлін анықтау. Қостанай облысындағы өндірілетін астық өнімдері облыстың және жалпы Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бірқатар ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп өнімдерін ЕАЭО елдеріне экспорттауға қабілетті.Қазіргі жағдайдағы Қазақстанның астық өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін өндірілетін өнім көлемінің өсуін ғана емес, сонымен қатар өндіріске тартылған барлық ауыл шаруашылығы ресурстарының барынша тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жүйелер мен қызметтерді, өндіргіш күштердің ең маңызды элементі – өндірістік инфрақұрылымды ұйымдастыру ерекше маңызды болып отыр.Бұл тұрғыда Қостанай облысының бәсекеге төтеп беруге және ЕАЭО елдерімен ғана емес, басқа серіктес елдермен де интеграциялық үдерістерге қатысуға жеткілікті әлеуеті бар. Жұмыстың практикалық маңыздылығы Қостанай облысында астық өнімдерін дамыту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша алға тартылған ұсыныстарды пайдаланудың нақты мүмкіндігі мен әлеуетті тиімділігінде. Мәселені зерттеу үшін материалдарды сыни талдау және материалдарды жалпылау, экономикалық және математикалық модельдеу әдістері қолданылды.Зерттеудің қорытындылары астық өндірісін дамыту бойынша іргелі жұмыстарды, Қазақстанда мен ЕАЭО елдеріндегі экономиканың аграрлық секторының даму заңдылықтарын, сондай-ақ ауыл шаруашылығын реформалауға сәйкес қабылданған заңнамалық актілерді, Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын зерделеуге негізделген.

48-59 608
Аңдатпа

Еуропа елдеріндегі кәсіпорындарда қауіпсіз жұмыс үшін жағдай жасаудың негізгі кезеңдерінің бірі жазатайым оқиғалар мен кәсіптік аурулардан сақтандыру болып табылады. Мақаланың мақсаты Норвегиядағы өндірістік жазатайым оқиғалардан және кәсіптік аурулардан сақтандыру ерекшеліктерін талдау негізінде Қазақстандағы жазатайым оқиғалардан сақтандыру жүйесінің даму перспективаларын анықтау болып табылады. Бұл мақаланың ғылыми және практикалық маңыздылығы, Норвегиядағы жазатайым оқиғалардан сақтандыру жүйесі мысалында халықаралық тәжірибені зерттей келе Қазақстандағы еңбек қызметін орындашы қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандырудың қолданыстағы механизмін жетілдіру. Мақаланы жазу кезінде ғылыми танымның, жүйелеу мен топтастырудың, салыстырудың, экономикалық талдаудың және болжамдық тепе-теңдіктің әдістері қолданылды. Мақалада Қазақстандағы жазатайым оқиғалардан және кәсіптік аурулардан сақтандыру жүйесінің даму ерекшеліктері талданады, Норвегиядағы сақтандыру жүйесінің тарихи дамуының хронологиясы ұсынылады, қазіргі жағдайы зерттеліп, норвегиялық өндірістік жарақаттардың, әсіресе өлімге әкелетін қатер деңгейін төмендету тәжірибесі бағаланады. Мақалада ұсынылған бағалау Норвегиядағы жазатайым оқиғалардан сақтандырудың қазіргі жүйесі туралы түсінік береді және оны Қазақстандағы сақтандыру жүйесін жетілдіру үшін пайдалануға болады.

60-71 1632
Аңдатпа

Кез келген елдің экономикалық дамуы демографиялық үрдістердің сипатына байланысты. Халық саны және оның құрамы өндіріс ауқымына әсер етеді, демографилық үрдістер – туу, өлім, көші-қоны әлеуметтікэкономикалық жағдайға және халықтың өмір сүру деңгейіне байланысты. Зерттеудің мақсаты Қазақстандағы демографиялық процестердің қазіргі жағдайына баға беру және оның 2050 жылға дейінгі дамуын болжау болып табылады. Мақалада тәуелсіздік жылдарындағы демографиялық даму үрдісіне динамикасы бойынша өзгеше және әлеуметтік экономикалық шарт фонында демографиялық кризистен бастап 1990 жылдардағы депопуляциялық қатерден, 2000 жылдардағы халық санының өсу тұрақтылығына дейінгі кезеңді 3 негізгі этапқа бөлу арқылы қысқаша сипаттама беріледі. Covid-19 пандемиясының демографиялық процестердің дамуына және онымен байланысты әлеуметтік саланың көрсеткіштеріне әсері талданады. Байқалған демографиялық даму халықтың көбеюінің қолданыстағы моделін түбегейлі өзгертетіні анықталды. Демографиялық процестердің тенденцияларын және олардың әлеуметтік-экономикалық процестермен себептік байланысын талдау болашақта халықтың саны мен құрылымын болжауға негіз болады. Болжау үшін экстраполяция және жас бойынша ығыстыру әдістері қолданылды.

72-82 603
Аңдатпа

Экономиканың технологиялық секторындағы бәсекелестіктің күшеюі мен инновациялық қызметті белсендіру жағдайында Қазақстанның шикізат аймақтарында инновацияны енгізу мен іске асыруды тиімді жоспарлау, ұйымдастыру, ынталандыру және бақылауды жеңілдету үшін басқарудың жетілдірілген құралдары қажет. Демек, шикізат аймақтарының инновациялық дамуын басқарудың аймақтық әлеуметтік-экономикалық жүйелердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін жаңа ғылыми тәсілдері қажет. Бүгінгі таңда аймақтың локализация кластерін анықтау саласындағы алдыңғы қатарлы құрал, аймақтык кластерді қалыптастырудағы ерекше ғылыми шешім «ақылды мамандандыру» моделі болып табылады. «Ақылды мамандандыру» моделі аймақтық маманданудың анықталған бағыттары бойынша инновациялық зерттеулер мен әзірлемелерді қолдау жәнеынталандыру арқылыаймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуынамаксималдыүлес қоса алатын қызмет түрлерін табу және таңдау қажеттілігін көрсетеді. Өңірлік экономикалық прогрестің маңызды шарты – бұл өз әлеуеті мен озық әлемдік тәжірибені талдау негізінде аймақтың дамуының инновациялық өсуінің полюстерін анықтау. Мақаланың мақсаты аумақтардың экономикалық өсуінің жаңа сапасын құру үшін «ақылды мамандандыру» моделі негізінде Қазақстанның шикізат өңірлерінің инновациялық дамуын басқарудың басым бағыттарын негіздеу және әдістерін, құралдарын әзірлеу болып табылады. Мақалада ғылыми әдебиеттерге талдау жасалып, шикізат аймағының инновациялық даму процесіне «ақылды мамандандыру» моделін қолданудың басымдылығы мен тиімділігі негізделген. «Ақылды мамандандыру»моделі бойынша шикізат өңірі экономикасының екпінді дамып келе жатқан секторларын қалыптастырудың әдіснамалық тәсілдері (әдіснамалық қағидаттары, шарттары, критерийлері, сценарийлік нұсқалары, алгоритмі) нақтыланды. Мақала авторлары шикізат аймағы экономикасының қарқынды дамып келе жатқан секторларын қалыптастыру үшін ең перспективалы технологияларды таңдауға мүмкіндік беретін әдістемелік құралдарды анықтады.

83-94 825
Аңдатпа

Қазақстанда қоныстандыру мен урбандалудың жалпы контурлары тарихи, экономикалық даму ерекшеліктерімен, географиялық, табиғи-климаттық жағдайлардың ерекшеліктерімен негізделген. Республикада агломерациялардың аз ғана саны және халықтың әл-ауқаты деңгейі бойынша моно-және шағын қалалардың үлкен санын дамытуды саралау ұзақ кезеңде сақталып отыр. Қазақстанның кешенді әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін сыртқы факторлар ықпалының серпінділігі жағдайында басқарылатын урбандалу арқылы елдің әкімшілік-аумақтық құрылымын одан әрі жетілдірудің рөлі арта түседі. Бұл мәселені шешу үшін өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жұмыс жасайды. Жұмыстың мақсаты тарихи ретроспективада және қазіргі заманғы жағдайда Қазақстанда урбандалу процесінің даму ерекшеліктерін зерделеу болып табылады. Оған қолжеткізу үшін урбандалудың негізгі кезеңдеріне шолу жасалды, демографиялық көрсеткіштердің, республиканың әкімшілік-аумақтық бөлінісінің статистикалық деректері келтірілді, қалалардың қазіргі құрылымындағы өңірлік сәйкессіздіктердің себептері анықталды. Урбанизацияның әлеуметтік дамудағы орны, салалық және аумақтық құрылымдардың ұтымды үйлесуі, әкімшілік-аумақтық ұйым сияқты мәселелерді әзірлеудің жеткіліксіздігі осы зерттеудің теориялық және тәжірибелік маңыздылығын анықтайды. Авторлар зерттеудің монографиялық, бағдарламалық-мақсатты, ретроспективті, статистикалық талдау, салыстыру және жалпылау, абстракция және синтез сияқты әдістер кешенін қолданды. Ғылыми және статистикалық дереккөздерді шолу негізінде ретроспективті талдау және урбандалу кезеңдеріне жіктеу жасалды, олардың шеңберінде республика қалаларының қалыптасуы мен дамуы зерттелді. Жұмыс барысында Қазақстанда урбандалу процестері жеткілікті дәрежедещерттеліп, олардың қарқындылығы ел өңірлері бойынша біркелкі емес деген қорытынды жасалды. Анықталған үрдістер мен урбандалу мәселелерін негізге ала отырып, Қазақстанда басқарылатын урбандалудың негізгі бағыттарын таңдау жөніндегі ұсыныстар мен негіздер ұсынылды.

95-107 1031
Аңдатпа

Урбанизацияны зерттеу әлемдік тренд болғандықтан өзекті, ал экономикалық, инновациялық, ғылыми, әлеуметтік қызметтердің шоғырлануы экономиканың тиімділігін айтарлықтай арттыруы мүмкін. Зерттеудің мақсаты – Қазақстан аймақтарының урбандалу деңгейін бағалау, урбанизация саласында неғұрлым теңгерімді саясат жүргізу үшін аймақтар арасындағы айырмашылықты және оның себептерін анықтау. Зерттеуде урбанизация деңгейін бағалаудың индекстік әдісін қолдану көзделеді. Бастапқы деректер ретінде жалпы халық пен қала халқының саны сияқты көрсеткіштер пайдаланылды. Екінші реттік деректер аймақтағы тұрғындар саны сәйкес қалалар санын есептеу арқылы алынды. Зерттеу нәтижелері Қазақстан аймақтарындағы әртүрлі факторларға әсіресе географиялық ерекшеліктерге байланысты урбандалу деңгейіндегі елеулі диспропорцияларды анықтауға мүмкіндік берді. Бұдан басқа, нәтижелер урбанизация бойынша кейбір қалалардың артта қалуының осал тұстарын көрсетеді: өзін-өзі жұмыспен қамтудың жоғары үлесі, ауыл тұрғындарының табысының төмендігі, ауылдық жерлермен салыстырғанда өмір сүру құнының жоғары болуы, бұлардың барлығы ауыл халқының қалаларға көші-қонын шектейді. Қалалардың санын және олардың өлшемдерін индекске қосу арқылы Қазақстан қалаларын урбандалудың келесі деңгейлері бойынша ранжирлеуге мүмкіндік алдық: өте жоғары; жоғары; орташа; төмен және өте төмен.

108-121 650
Аңдатпа

Бұл зерттеудің мақсаты әлеуметтік дамудағы аймақтық айырмашылықтың ерекшеліктерін, оларды тану және реттеу жолдарын анықтау болып табылады. Инклюзивтілік тұрғысынан әлеуметтік даму деңгейіндегі аймақтық айырмашылықтар материалдық тауарлар мен қызметтерге қол жетімділіктегі жеке адамдардың немесе топтардың теңсіздігін білдіреді. Халықтың ақшалай кіріс алуы-оларға қол жеткізудің құралы ғана. Сондықтан әдістемелік тәсілдерді әзірлеу және басқарушылық шешімдерді қабылдау үшін екі сұраққа жауап беру қажет: әлеуметтік теңсіздіктер аясында қандай материалдық тауарлар мен қызметтер қарастырылады, олардың деңгейін қалай бағалау керек? Алайда, әлеуметтік дамудағы аймақтық айырмашылықтардың болуы теңсіздіктерді түзету немесе теңестіруде аймақтардың нақты мүмкіндіктерін іздеуге, олардың пайда болу көздерін анықтауға ықпал етеді. Мұндай тәсіл инклюзивті аймақтық дамуды қамтамасыз ететін әлеуметтік теңсіздікті жеңудің нақты тетіктерін әзірлеуге мүмкіндік береді. Аймақтардағы әлеуметтік теңсіздіктердің пайда болуының барлық жиынтығынан зерттеу нысаны ретінде халықтың кедейлік мәселелері таңдалып зерттелді. Бұл мәселені шешу әлеуметтік дамудағы аймақтық айырмашылықтарды реттеудің кешенді тәсіліндегі негізгі ұстаным болып табылады. Зерттеу әдіснамасы БҰҰДБ ұсынымдары бойынша төрт көрсеткіш пен халықтың кедейлік индексін есептеуге негізделген. Осы көрсеткіштер негізінде халық кедейлігінің интегралдық индексін есептеу және Қазақстан аймақтарын топтастыру арқылы жасалды. Мұндай тәсіл әртүрлі аумақтарды мемлекеттік қолдаудың баламалы құралдарын енгізуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда халықтың кедейлік деңгейін анықтау және бағалау өте өзекті, себебі аймақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету қоғамдағы әлеуметтік теңсіздіктер жағдайларын елемеуге болмайтындығын көрсетеді.

ТУРИЗМ: ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ 

122-131 656
Аңдатпа

Зерттеудің өзектілігі цифрландыру жағдайында туристерге қызмет көрсету үдерісін сапалы өзгерту мәселелеріне байланысты. Аталған үдерістерді автоматтандыруға, жеделдетуге және жаңғыртуға мүмкіндік беретін цифрлық технологияларды тиімді пайдалану елдегі туризмнің даму деңгейіне оң әсерін тигізеді. Зерттеудің мақсаты – табысты шетелдік тәжірибе негізінде қалалық туристік маршруттарды дамытуда цифрлық технологияларды қолдану ерекшеліктерін анықтау. Мақалада жалпы ғылыми әдістер, атап айтқанда, туризмдегі цифрландыру мен цифрлық технологиялардың теориялық тәсілдерінен сандық платформаларға және туристік маршруттарды әзірлеуге арналған мамандандырылған бағдарламаларға дейінгі ақпараттың көпшілігін талдауға мүмкіндік беретін контент-талдау әдісі және графикалық түсіндіру әдісі қолданылады. Мақалада туристік индустрияда цифрлық технологияларды, атап айтқанда BigData, AR/VR, Blockchain, IoT, туристік маршруттарды әзірлеу порталдарын, мобильді қосымшаларды қолдану мысалдары мен бағыттары анық көрсетілген. Қалалық туристік маршруттарды әзірлеу үдерісінде және оларды пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылады. Туристтердің әсерлерді қабылдау үрдісіндегі интерактивті тарту үрдісінің сызбасы көрсетіледі. Танымал қалалық туристік нысандардың мысалында виртуалды және кеңейтілген шындық технологияларын, мобильді технологиялар мен аудиогидтерді енгізудің артықшылықтары мен нәтижелері айқындалды. Аталған зерттеу әлемдік тәжірибелер мысалында қалалық туристік маршруттарды әзірлеуде цифрлық технологиялардың рөлі мен маңызын ашуға мүмкіндік берді.

132-144 761
Аңдатпа

Бүгінгі күні әлемдік тәжірибе туристік кластерлерді қалыптастыру аумақты туристік мақсатта игерудің ғана емес, ұзақ мерзімді уақытта өңірлік туризмді тұрақты дамытудың бірегей жағдайларын жасаудың неғұрлым тиімді тәсілдерінің бірі екенін көрсетіп отыр. Алайда, кластерлерді құру процесі өте күрделі және туристік кәсіпорындар мен кластер құрылымына тартылған мемлекеттік, білім беру, ғылыми және басқа да қоғамдық ұйымдар арасындағы қызметті интеграциялаудың нақты тетіктерін анықтау қажеттілігін сипаттайды. Сондықтан, туризм саласын кластерлеу саясатын жүзеге асыратын әрбір ел осы салада өз тәжірибесін қалыптастырған және кластерлерді құру жұмыстарын жергілікті бизнес-қоғамдастық пен мемлекет арасында қалыптасқан қатынастардың ерекшелігіне қарай құрады. Осыған байланысты, осы мақаланы жазудың негізгі мақсаты туризм саласын кластерлеудің шетелдік тәжірибесін зерттеу және туристік кластерлердің әртүрлі модельдерінің өзіндік ерекшеліктерін айқындау болып табылады. Туристік кластерлердің айрықша қасиеттерін анықтау арқылы демалушылар үшін жергілікті орынның тартымдылығын арттыруға ықпал ету ұсынылған жұмыстың ғылыми және практикалық тұрғыдан маңыздылығын айқындайды. Еуропа, АҚШ және Азия елдерінде туристік кластерлердің қалыптасу және даму ерекшеліктерін зерттеу шеңберінде салыстырмалы талдау, ұқсастық және теориялық жалпылау әдістері қолданылды. Зерттеу жұмысының құндылығы зерттеу нәтижелерінің отандық практикада туристік кластерлерді дамыту басымдықтарын айқындау барысында ақпараттық база ретінде пайдаланылуу мүмкіндігі болып табылады.

145-160 692
Аңдатпа

Қазақстан – өз халқының мәдени салттары мен дәстүрлерін дәріптеп сақтайтын көпұлтты мемлекет. Мәдени-тарихи және табиғи ресурстарға бай Қазақстанның алдында отандық және шетелдік туристерді тартатын туризм индустриясын дамыту міндеті тұр. Туризм әлемдік экономикада жоғары табысты жаңа жұмыс орындарын құрайтын ең тиімді салаларының бірі болып табылады. Мақалада туризмнің өзекті түрі – этнотуризмді дамытуға баса назар аударылады, себебі этнотуризм туристерге өз мәдениетімен және басқа халықтардың ұлттық ерекшеліктерімен танысуға, этносаралық қатынастарды нығайтуға мүмкіндік береді. Туристік өнім материалдық және материалдық емес компоненттерден тұратындықтан, қазіргі таңда этнотуризмнің инновациялық дамуы саласында ғылыми ақпарат жеткіліксіз және теориялық олқылықтар байқалады. Жұмыстың мақсаты Ұлытаудағы этнотуризмнің инновациялық дамуын зерттеуге бағытталған. Мақалада ғылыми зерттеудің әртүрлі әдістері қолданылды, соның ішінде салыстыру, SWOT-талдау, статистикалық талдау және т.б. Ұлытау – инновациялық дамуы өзекті болып табылатын Қазақстанның жаңадан құрылған облысы. Мәдени-тарихи және табиғи ресурстардың алуан түрлілігіне ие, Ұлытаудың отандық, сондай-ақ шетелдік этнотуристер үшін танымал туристік дестинацияға айналу мүмкіндігі бар. Ұлытаудағы этнотуризмнің дамуын талдай келе дайын этнотуристік өнімнің жоқтығы анықталды және өңірдегі этнотуризмді инновациялық дамыту жолдары қарастырылды.

ЖАС ЗЕРТТЕУШІНІҢ МІНБЕСІ 

161-174 575
Аңдатпа

Соңғы жүз жылдықта әлеуметтік-экономикалық прогресс – ресурстарды ұтымсыз тұтыну және өндіріс қалдықтары салдарынан қоршаған ортаның нашарлауымен қатар жүр. Экономикалық, әлеуметтік және экологиялық аспектілер арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, аталған мәселелерді шешу үшін 2015 жылы БҰҰ «Әлемді түрлендіру: 2030 жылға дейінгі тұрақты дамудың күн тәртібі» жаңа жоспарын, оның ішінде тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) ұсынды. Өз кезегінде, айналмалы экономика тұрақты дамудың кейбір ең жаһандық мәселелерінің шешімдерін ұсынатын құрал ретінде танымал болуда. Бұл зерттеудің мақсаты тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі айналмалы экономиканың негізгі рөлі мен функцияларын анықтау болды. Зерттеу барысында айналмалы экономиканың теориялық негіздері және тұрақты даму стратегиялары талданып, терминдер арасындағы байланыстарды зерттеу үшін бар ғылыми әдебиеттерге шолу жасалды. Айналмалы экономикамен өзара байланыстағы 12-мақсаты – Тұтыныс пен өндіріс жауапкершілігіне ерекше назар аударылды. Қорытынды бөлімде ғылыми әдебиеттерді шолудан туындайтын тұрақты даму мәселелері мен айналмалы экономика тұжырымдамаларының маңызды ортақ принциптері мен құндылықтары анықталды. Зерттеу жұмысының нәтижелері қоршаған орта мен экономикалық басқару мәселелеріндегі тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру бағытында теориялық және практикалық негіз ретінде қолданылуы мүмкін.

175-186 1300
Аңдатпа

Экономикалық дамудың дәстүрлі моделінен «жасыл экономикаға» көшу жекелеген ұлттық экономикалардың ғана емес, тұтастай алғанда бүкіл планетаның дамуының тұрақтылығын айқындайтын заманауи қажеттілік болып табылады. Сондықтан Қазақстанда «жасыл экономиканы» ілгерілету – дамудың негізгі және жалғыз дұрыс жолы. Мақаланың мақсаты – талдау негізінде «жасыл экономикаға» көшу жағдайында кәсіпорындарда цифрландыруды енгізу мен Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің (АӨК) өндірісін дамыту арасындағы байланысты зерттеу арқылы елдегі агроөнеркәсіп кешенінің қазіргі жағдайы мен оның даму болжамы. «Жасыл» өсім көрсеткіштері мен жаңа цифрлық технологияларды енгізу арасындағы байланысты бағалау үшін экологияға байланысты технологиялардағы инновацияларды дамыту деректеріне экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) 2014–2018 жылдардағы деректері бойынша, Қазақстанның статистика бюросы және форсайттық зерттеулер негізінде болжамды есептеулер бойынша тікелей «жасыл» өсім индикаторларының өзімен талдау жүргізілді. Сонымен қатар, Қазақстанның 2014–2020 жылдар аралығындағы кезеңге арналған өсімдік және мал шаруашылығы бөдінісінде регрессиялық талдауды пайдалана отырып, «Қазақстанның ауыл шаруашылығының жалпы өнімі» көрсеткішінің математикалық моделі әзірленіп, осы көрсеткіштің 2025 жылға дейінгі болжамдық есептеулері келтірілген. Осылайша, осы зерттеудің әдіснамасы Қазақстанның АӨК, цифрландыру және энергия тұтыну (оның ішінде жаңартылатын энергия) дамуының халықаралық және мемлекеттік деректеріне салыстырмалы, статистикалық, математикалық және форсайт-талдау жүргізуге негізделеді. Зерттеу нәтижелері Қазақстанда экотехнологиялар дамуының және жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудың тұрақты төмен көрсеткіштеріне қарамастан, зерттелген кезеңде ауыл шаруашылығы ЖІӨ-нің жоғары өсуі болжанып отырғанын көрсетті. Мемлекеттік бағдарламалардың нысаналы көрсеткіштерін талдау, сондай-ақ АӨК проблемаларын және цифрландыруды енгізуден ықтимал әсерді талдау нәтижелері бойынша АӨК-нің барлық секторларында цифрландырудың белсенді дамуы «жасыл» өсімге алып келуі мүмкін.

187-200 1317
Аңдатпа

Жобалық басқару және жобалық тәсіл Қазақстанда мемлекеттің және оның өңірлерінің даму басымдықтарын іске асыру мақсатында серпінді дамуда. Жобалық тәсіл жұмыс нысаны және басқару тұжырымдамасы ретінде әртүрлі салаларда таралды: мемлекеттік басқару, құрылыс, энергетика, IT, консалтинг, қаржылық қызметтер, білім беру, өндіріс. Қызметтің көптеген салаларында табысты іске асырылған жобалардың айтарлықтай өсуі байқалады. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың ұйымдастырушылық ортасында жобалық менеджмент тәжірибесі туралы ғылыми зерттеулер жеткіліксіз екенін айта кету керек. Мемлекеттік құрылымдардың қызметіне жобалық басқарудың әдіснамасын, құралдарын, әдістері мен механизмдерін енгізудің жандануына байланысты ұлттық жобаларды мемлекеттік ауқымда тиімді іске асыру үшін жобалық менеджменттің үздік тәжірибелерін тереңдетіп зерттеу қажет. Мақаланың мақсаты – экономиканың жеке және мемлекеттік секторына айтарлықтай әсер ететін Қазақстан Республикасындағы жобалық менеджменттің қазіргі жағдайы мен дамуын зерттеу. Зерттеудің теориялық маңыздылығы мемлекеттік басқару жүйесінде жобалық тәсілді қолдану туралы білімді жинақтаудан тұрады. Зерттеу әдіснамасы нормативтік құқықтық актілерге теориялық шолу, ретроспективті, салыстырмалы талдау, жалпылау, жүйелеу және аналогия әдістерін қамтиды. Ақпараттық база ретінде нормативтік-құқықтық актілер, статистикалық деректер және т.б. пайдаланылды. Осы шолу шеңберінде мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобаларды іске асыру призмасы арқылы мемлекеттік органдарда жобалық басқарудың даму серпіні сипатталған. Мемлекеттік органдарда қолданыстағы жобалық басқару бойынша нормативтік актілер қарастырылды. Жобалық тәсілдің әдіснамалық негіздері, жобаларды басқарудың классикалық және икемді тәсілдерінің мәні мен негізгі ұғымдары ұсынылған. Мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобаларды іске асыру кезінде туындайтын проблемалық мәселелер анықталды.

201-211 795
Аңдатпа

Мақалада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет жүйесіне жобалық тәсілді енгізу мәселесі қарастырылады. Жобалау қызметін реттейтін негізгі құқықтық актілер мен әдіснамалық нормалар зерттелді. Авторлар жобалық қызметтің негізгі кезеңдеріне және Германия, Жапония, АҚШ, Италия және т.б. елдерде жобалық менеджментті пайдаланудың халықаралық тәжірибесіне талдау жүргізді. Контент-талдау, «SWOT» талдау және басқалары сияқты ғылыми талдаудың әдістері пайдаланылып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары қызметінде жобалық тәсілді пайдалану туралы қабылданған шешімнің тиімділігіне теріс әсер ететін негізгі ескерілмеген тәуекелдер мен факторларды анықтау мүмкіндігі пайда болды. Жұмыста жобалық менеджментті енгізу қызметіндегі қауіптер мен әлсіз жақтарды жою бойынша іс-шаралар ұсынылып, жобалық тәсілдің дамуына серпін беретін күшті жақтар мен мүмкіндіктер анықталған.Зерттеу шеңберінде жобалық басқаруға, жобалық қызметтің тиімділігін бағалауға, қызметті ұйымдастыру құралын іс жүзінде қолдануға, сондай-ақ мемлекеттік қызметте жобалық тәсілдің табыстылық шарттарына арналған ғылыми жұмыстар зерделенді. Отандық және шетелдік ғылымдағы ғылыми зерттеулердің үлкен базасы зерттеу тақырыбының өзектілігін растай отырып, бұл әдістің барлық салаларда кең таралуы жобалық тәсілдің әсері мен тиімділігін көрсетеді.Мақаланың мақсаты: Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет жүйесіне жобалық тәсілді енгізу процесінің тәуекелдерін анықтау және талдау. Зерттеу гипотезасы: тәуекелдерді төмендету бойынша ұсынылған іс-шаралар Қазақстанның мемлекеттік қызмет жүйесіне жобалық басқаруды енгізу үрдісін жеделдетуге және аяқтауға мүмкіндік береді.

212-222 713
Аңдатпа

Қазіргі таңда басқару тәжірибесінде жаңа парадигманың қалыптасуына тәуелді, ұйымның адами капиталы туралы сөз қозғағанда таланттарды басқару ұғымы да пайдаланылады. Таланттарды басқару адами капиталды қалыптастыру құралы ретінде теориялық тұрғыдан сипатталып, стратегиялық маңыздылығын түсіну керек. Зерттеу мақсаты – таланттарды басқарудың мән жайын және мемлекет деңгейінде маңыздылығын нақтылау, дәлелдеу. Осы күнге дейін жасалған шетелдік іргелі және қолданбалы зерттеулерге әдеби шолу арқылы басты түсініктерге анықтама беріліп, теориялық негіздері жүйеленеді. Дарынды адамдарды тартуға, дамытуға және ұстап қалуға (сақтауға) бағытталған кәсіби өсуге ынталандырушы жүйенің қажеттілігі дәлелденді. Авторлар ұсынған тұжырымдар экономиканың барлық салаларында, әсіресе білім беру саласында басқару талантын енгізудің маңыздылығын арттырады. Бұл тенденция уақыт талабына байланысты өзгеретінін ескере отырып, нәтижелер зерттеу саласына теориялық және практикалық үлес қосады. Мемлекет үшін құндылықты көрсету барысында IMD (World Talent Ranking) институтының әлемдік деңгейде құраған рейтингіне талдау жүргізілді. Нәтижесінде таланттарды басқару ерекшеліктері мен кадр резервін қалыптастыру үрдісі кезінде оның тиімділігі дәлелденді. Қажетті мамандар тапшылығы мәселесін алдын-алу үшін, әлеуметтік тұрғыдан өзекті білім беру саласында таланттарды басқару маңыздылығы зерттелді.

223-234 670
Аңдатпа

Мақалада Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың негізгі үрдістері қарастырылды. Дамуды талдау негізінде қазақстандық бизнестің жұмыс істеуінің негізгі мәселелері анықталды және оларды шешуге арналған ұсынымдар берілді. Мақаланың мақсаты дағдарыс жағдайында ҚР-да шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша мәселелерді анықтау, негіздеу және ұсынымдар әзірлеу болып табылады. Бұл мақаланың ғылыми және практикалық маңыздылығы зерттеу нәтижелері негізінде елдегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларын жетілдіруге ықпал ететін бағыттарды қалыптастыру болып табылады. Мақаладағы зерттеудің негізгі нәтижелері келесі ережелер болды: нақты сектор салаларында қазіргі заманғы нарықтық үрдістерді ескере отырып, әсіресе ел өңірлерінде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді құралдарын құру қажеттілігі айқындалды; адами ресурстардың сапасын жетілдіру қажеттілігі негізделді; мемлекет пен кәсіпкерліктің өзара іс-қимылын одан әрі күшейту жөніндегі шаралар ұсынылды. Зерттеудің құндылығы – жиналған статистикалық ақпаратты жалпылау және талдау және оның негізінде жаңа шындықта шағын және орта кәсіпкерліктің алдында туындайтын негізгі мәселелерді анықтау. Мақаланың практикалық маңыздылығы – нәтижелер мен ұсыныстарды шағын және орта сегментте кәсіпкерлік қызметті дамыту бағдарламаларын әзірлеу және түзету кезінде қолдануға болады.

235-247 289
Аңдатпа

Мақалада кілем өндірісіндегі ұйымның инновациялық қызметінің экономикалық тиімділігін бағалаудың негіздемесі мен математикалық әдістері қарастырылады. Қазақстан Республикасының цифрландыру бағытындағы заңнамалық негіздемеcімен қатар, елдегі цифрландырудың қазіргі ахуалы кеңінен баяндалады. Мақалада еліміздегі ең үлкен кілем өндіруші кәсіпорынның қаржылық және операциялық көрсеткіштері көрсетілген. Компанияның ашылған сәттен бастап қазіргі уақытқа дейінгі негізгі көрсеткіштері кеңінен талданды. Кілем өндірісін цифрландырудың тиімділігі өңірлік кеңістік-салалық құрылымның технологиялық дамуында маңызды рөл атқарады, сондықтан өнеркәсіптің инновациялық цифрлық технологиялар базасында жоғары технологиялық кілемдер мен кілем бұйымдарын өндіру экономикаға оң әсерін тигізеді. Зерттеу барысында компанияның кілем өндірісі бойынша негізгі көрсеткіштерінің өсіп келе жатқан қатарларын экстраполяциялау, сондай-ақ трендтерді талдау әдісімен болжау мәселелері қаралды. Елдегі ең ірі кілем өндірушісінің негізгі көрсеткіштері экстраполяция арқылы талданды. Нәтижесінде авторлар таңдалған көрсеткіштер арасындағы байланысты талдауды ұсынды. Мақалада регрессиялық талдау жүргізілгеннен кейін ұсынылған модельдің сенімділік деңгейін бағалау үшін талдау жүргізу ұсынылады. Бұл жағдайда модельдің сенімділігі регрессия коэффициентімен тексеріледі, ал ұсынылған әдіс негізінде детерминация коэффициенті 95% сенімділік деңгейінде бағаланады. Ұсынылған әдіс негізінде кілемдер мен кілем бұйымдарын шығаратын кәсіпорын қызметінің негізгі көрсеткіштерін болжау мүмкіндігі бар.

248-259 489
Аңдатпа

Мақалада Қазақстандағы темір жол көлігіндегі транзиттік тасымалдың инновациялық дамуы, оған ішкі, экспорттық-импорттық және транзиттік жүк тасымалын басқару қарастырылған. Зерттеуде транзиттік жүк ағындарынтартуүшінҚазақстанзаманауикөлікинфрақұрылымынқұруқажеттілігіанықталды.Қазіргіуақытта Қазақстандағы мамандар темір жол көлігі үшін шектеулі халықаралық тасымалдар, шектеулі технологиялық даму, жеткіліксіз дамыған интермодальдық тасымалдар, көлік және логистикалық қызметтер деңгейінің төмендігі, көлік құралдарының жектіліксіз саны және олардың ескірген паркі сияқты мәселелерді бөліп көрсетті. Сонымен қатар, дамыған елдерде логистика ЖІӨ-ге айтарлықтай үлес қосады, Қазақстанда ол әлі төмен деңгейде тұр. Мақалада қазақстандық темір жол көлігінде жаңа жылжымалы құрамды, технологиялық инфрақұрылымның тиімді объектілерін, тасымалдау процесін басқарудың зияткерлік жүйелерін және басқа да технологиялық және ұйымдастырушылық инновацияларды енгізуге негізделген барлық технологиялық және бизнес-процестердегі түбегейлі өзгерістер қарастырылады. Теміржол көлігінің негізгі ерекшелігі, бұл сала кәсіпорындардағы инновациялық қызметтің қарқыны мен ауқымына әсер етеді, сол себепті темір жолдар инфрақұрылымға жатады және олардың негізі қызмет көрсетуге бағытталған. Аталған өзгерістердің мақсаты сала кәсіпорындарының бәсекеге қаблеттілігін, олардың жұмыс істеу тиімділігінің өсу және инвестициялық тартымдылғын арттыру қажеттілігі зерттеледі. Осы тұрғыда маңызды және күрделі міндеттердің бірі сала кәсіпорындарында инновациялық белсенділікті дамытуды басқару тәсілдерін әзірлеу болып табылады. Транзиттік тасымалдардың инновациялық дамуын басқару, инновациялық белсенділіктің өсуінің ішкі және сыртқы жағдайларын қалыптастыру бойынша мемлекеттік басқару органдары тарапынан теміржол көлігі кәсіпорындарына қатысты ұйымдастырушылық және экономикалық шаралар кешені қарастырылды.

БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ ОҚЫТУ: ӘДІСТЕМЕ, ТЕОРИЯ, ТЕХНОЛОГИЯ 

260-270 468
Аңдатпа

Қазақстан экономикасын индустриялық-инновациялық дамытудың негізгі міндеттерінің бірі елімізді әлемнің жетекші экономикаларымен бір қатарға қалыптастыру мақсатында жоғары технологиялық өндірісті күшейту болып табылады. Ақша ықпалы мен техникалық қайта қаруландыру өздігінен алға қойылған мәселені шеше алмайды, сондықтан техникалық жоғары оқу орындар білікті кадрларды дайындау мәселесіне назар аударуы тиіс. Әрбір өндірістің автоматтандыру дәрежесіне қарамастан оның артында адам тұрады, сондықтан, кез-келген, тіпті кішігірім өнеркәсіптік өзгерістер жаңа құзыреттер мен кадрлық қолдауды қажет етеді. Бүгінде инженерлік білім мемлекеттің экономикалық потенциалын қалыптастырады және оның сапасының артуымен экономикадағы өзгерістердің жылдамдауына деген үміт пайда болады. Бұл жұмыста талдау, синтез, құрылымдау сияқты әдеби дереккөздердің ақпаратын жүйелеу әдістері қолданылды. Алғашқы ақпаратты жинау Қазақстан Республикасының Ұлттық статистика бюросының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігі, және де, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің сайттарында орналастырылған әлеуметтанушылық және кабинеттік зерттеулер жолымен жүргізілді. Мақалада еліміздің техникалық жоғары оқу орындарының мамандарын даярлау жүйесін дамыту туралы тұтас түсінік беретін заманауи инженерлік білім беру тұжырымдамалары жүйеленген. Қазақстан Республикасында инженерлік кадрларды өңірлік даярлауды талдау кәсіпорындардың Төртінші өнеркәсіптік революцияға өту мүмкіндіктері мен жолдарын бағалауға мүмкіндік береді. Экономиканың негізгі салаларын дамыту трендтерін анықтау техникалық жоғары оқу орындардың түлектерінің құзыреттілік картасын әзірлеуге мүмкіндік береді. Жаңа формациядағы инженерлік мамандардың көбеюі еліміздің экономикалық қауіпсіздігін нығайту үшін қажет.

271-282 240
Аңдатпа

Оқу орындарында адамдарды басқару шығармашылық көзқарасты талап ететіні көрсетілген. Мұндай тәсіл тұтастай оқу орындарының кадрлық әлеуетін дамытуға қатысты барлық шешімдерді қабылдаған кезде ұзақ мерзімді перспективаларға оң әсер ететін қызметкерлердің мотивациясын дараландыруға негізделеді. Осылайша, персоналды әкімшілендіру немесе басқару қазіргі заманғы ұйымдардың, соның ішінде білім беру мекемелеріндегі: мектептер, колледждер, университеттердегі, менеджменттің басым бағыттарының бірі болып табылады. Жұмыста ғылыми-педагогикалық персоналдың еңбек өнімділігін арттыруға әсер ететін негізгі фактор мотивация екендігі көрсетілген. ҒПҚ жоғары оқу орындарына тән міндеттерді орындауға ынталандыруды көздейтін, тиімді мотивацияны қалыптастыру дамыған ынталандыру жүйесінің арқасында ғана мүмкін екендігі анықталды. Оқу орындарындағы басқару әдістері ең алдымен ғылыми-педагогикалық қызметкерлердің (ҒПҚ) әлеуетін пайдалану тиімділігін арттыруға бағытталуы керек екендігі анықталды. Мотивацияны тиімді басқару үшін ынталандырудың материалдық әдістерін материалдық емес әдістермен біріктіру қажет екендігі көрсетілген. Демек, жоғары оқу орындарында білікті мамандар жұмыс істеуі үшін оларды жүйелі түрде даярлау, сонымен қатар бұл үшін қажетті ұйымдастырушылық, ақпараттық және әдістемелік алғышарттарды жасау қажет. Нәтижесінде, жаңа жағдайдағы жоғары мектепті ұйымдастыру және басқару мәселелерін шеше алатын кәсіпқой-басшы адамдардың жаңа санаты пайда болады.



ISSN 1562-2959 (Print)
ISSN 2959-1236 (Online)