ЭКОНОМИКА: ТАРИХ, ТЕОРИЯ, ПРАКТИКА
Мақалада Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін цифрлық трансформациялау жағдайында ауыл шаруашылығы өнімдері нарығын дамытудағы цифрлық платформалардың маңызы зерттеледі. Ауыл шаруашылығын цифрландырудың теориялық негіздері талданып, цифрлық платформалардың аграрлық нарықтың тиімділігін арттырудағы институционалдық және технологиялық құрал ретіндегі рөлі айқындалады. Қазақстанда енгізілген мемлекеттік және салалық цифрлық платформалардың, соның ішінде электрондық субсидиялау жүйелерінің, ауыл шаруашылығы жерлерін мониторингтеу, ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру және аграрлық тауар өндірушілерді қолдау бойынша цифрлық сервистердің жұмыс істеу ерекшеліктері қарастырылады. Цифрлық платформаларды енгізудің экономикалық әсері транзакциялық шығындарды төмендету, баға белгілеудің ашықтығын арттыру, жеткізу тізбектерін оңтайландыру және шағын және орта шаруашылықтардың нарыққа қолжетімділігін кеңейту тұрғысынан бағаланады. Цифрлық платформалардыңделдалдарсанынқысқартуға, ауылшаруашылығытауарөндірушілерініңтабысынарттыруға және баға қалыптастыру тетіктерін жетілдіруге ықпал ететіні атап өтіледі. Қазақстан Республикасының ресми статистикалық деректері мен практикалық тәжірибесі негізінде негізгі ауыл шаруашылығы өнімдерінің орташа бағаларының динамикасына цифрлық платформалардың әсері бағаланады. Зерттеу нәтижелері аграрлық нарықтың бәсекеге қабілеттілігін, тұрақтылығын және экономикалық орнықтылығын арттырудағы цифрлық платформалардың маңызын көрсетеді.
Қазіргі кезеңде «Ауыл – ел бесігі» (АЕБ) мемлекеттік бағдарламасы негізінен инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға басымдық береді, алайда мұндай инвестициялардың тұрақты әлеуметтікэкономикалық әсері жергілікті басқару сапасы мен басқарушылық әлеуетке тікелей тәуелді екені анықталуда. Мақалада «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын талдау үшін Экономикалық дамудың жалпы теориясы қолданылды, экономикалық дискриминация принципі мен «Даму триадасы» моделі негізге алынады. Зерттеуде АЕБ-ның жұмыс тетіктері экономикалық даму принципіне қаншалықты сай келетіні анықталды. Себебі мұндай сәйкестік тұрақты даму мен кедейлікті төмендетудің маңызды шарттарының бірі болып табылады. Зерттеудің мақсаты – Қазақстандағы ауылдық аумақтарды кешенді дамытуға бағытталған АЕБ бағдарламасының ұзақ мерзімді тиімділігін бағалауға арналған жаңа теориялық-әдіснамалық негіз ұсыну. Зерттеудің ғылыми жаңалығы – Қазақстанның макроэкономикалық даму стратегиясының қағидаттарын (K-GTED) Корея тәжірибесіндегі Trinity Model (Үштік модель) принциптерімен ұштастыратын гибридті тұжырымдаманы енгізуінде. Ұсынылған гибридті модель мемлекеттік инвестициялар мен жергілікті басқару әлеуетінің өзара синергетикалық әсерін кешенді түрде бағалауға мүмкіндік береді. Мақалада АЕБ бағдарламасын іске асыру барысында әртүрлі басқару модельдерін қолданған Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарының тәжірибесі салыстырмалы талдау негізінде қарастырылған. Талдау нәтижелері бағдарламаның тиімділігі қаржыландыру көлемінен гөрі, оның стратегиялық бағытталуы мен басқару сапасына көбірек тәуелді екенін көрсетті. Қорытындыда ұсынылған гибридті модельді эмпирикалық тексеру үшін жылдық панельдік деректерге негізделген панельдік регрессиялық модельді қолдану ұсынылады. Зерттеу нәтижелері АЕБ бағдарламасының келесі кезеңдерінде жергілікті әлеуетті арттыруға, сондай-ақ цифрлық басқару тетіктерін енгізуге бағытталған практикалық ұсыныстарды қалыптастыруға негіз болады.
Ауыл шаруашылығы өнімінің рентабельділігі түпкілікті өнімді алу үшін жер, еңбек және қаржы ресурстарының қаншалықты тиімді пайдаланылғанын көрсетеді. Алайда экономикалық тиімділікті талдаудың және болжаудың дәстүрлі әдістері көбінесе қазіргі ауыл шаруашылығы процестерінің күрделілігі мен жанжақтылығын ескермейді. Ауыл шаруашылығы белгісіздіктің жоғары деңгейімен және ауа райы жағдайлары, нарықтық ауытқуларжәне технологиялық өзгерістер сияқты көптеген факторларға тәуелділігімен сипатталады. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы өнімдерінің рентабельділік деңгейін бағалау, талдау және болжау әдістемесін жетілдіру қажеттілігі туындады. Осы мақалада қойылған мақсат – ол ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін бағалаудың заманауи мәселелерін зерттеу және өнімнің рентабельділігі негізінде оны болжау. Мақсатқа сәйкес абстрактілі-логикалық және салыстырмалы әдістерді қолдану арқылы келесі зерттеу міндеттері қарастырылды: «өндіріс тиімділігі» түсінігі мен оның көрсеткіштерінің мазмұнын талқылаудың теориялық тәсілдерін жалпылау; болжау әдістемесін зерттеу, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін болжау. Жүргізілген рентабельділіктің факторлық талдауы негізінде ауылшаруашылық өнімдерінің жекелеген түрлерінің өндірісінің тиімділігінің болжамы негізделіп, ұсынылып отырған шаралар бағаланды. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары қызметінің рентабельділік деңгейін барабар бағалау әдістемесі оларға мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету өлшемдерінің бірі ретінде пайдаланылуы мүмкін.
Нарықтық экономика жағдайында қаржылық қауіпсіздік барлық уақытта өзекті болып саналады және экономикалық қауіпсіздік жүйесінің негізгі компоненттерінің бірі болып табылады. Оның мәні экономикалық тұрақсыздықпен, валюта бағамдарының ауытқуымен, қаржылық қауіптердің өсуімен және контрагенттердің төлем қабілетсіздігімен, сондай-ақ капитал тапшылығы, өтімділіктің төмен деңгейі, төлем қабілеттілігі мен кірістілікті қоса алғанда, қаржылық ресурстарды басқарудың ішкі проблемаларының болуымен сипатталатын қазіргі жағдайда артады Зерттеудің мақсаты – теориялық ережелерді дамыту және жоғары белгісіздік пен сыртқы ортаның тұрақсыздығы жағдайында кәсіпорынның қаржылық қауіпсіздігін нығайту бойынша тәжірибеге бағытталған ұсыныстарды әзірлеу. Зерттеудің негізгі бағыттары қаржылық қауіпсіздіктің сыртқы және ішкі қатерлерін талдауды, оны бағалау критерийлері мен көрсеткіштерін негіздеуді, сондай-ақ қаржылық ресурстарды басқару тетіктерін жетілдіруді қамтиды. Негізгі идея және қаржылық қауіпсіздік саласындағы ғылыми идеяларды дамытуға ықпал ететін қаржылық ресурстарды кешенді басқаруға бағытталған. Зерттеу нәтижелері кәсіпорынның практикалық қызметінде қаржылық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру және жетілдіру, қаржылық тұрақтылықты арттыру, инвестициялық тартымдылықты арттыру кезінде қолданыла алады.
Қаржы секторының цифрлық трансформациясы және реттеуші ортаның күрделенуі жағдайында жобаларды басқару қаржы ұйымдарының тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің негізгі факторына айналуда. Қазақстан Республикасы үшін бұл мәселелер ауқымды цифрландыру бағдарламаларын іске асыру, жаңа қаржылық өнімдер мен сервистерді енгізу, сондай-ақ операциялық тиімділік пен өзгерістерді басқаруға қойылатын талаптардың артуы аясында ерекше өзектілікке ие. Мақалада Қазақстан Республикасының қаржы секторы ұйымдарындағы жобаларды басқарудың қазіргі жай-күйі мен жетілу деңгейіне кешенді баға беріліп, жобалық жүйелердің тиімді жұмыс істеуіне әсер ететін факторлар талданады. Зерттеудің әдіснамалық негізі сандық және сапалық әдістерді үйлестіретін аралас дизайнға сүйенеді. Эмпирикалық деректер екінші деңгейлі банктерді, микроқаржы және сақтандыру компанияларын қоса алғанда, тоғыз қаржы ұйымының 137 қызметкері арасында жүргізілген стандартталған сауалнама нәтижесінде алынған. Сонымен қатар, 15 сарапшымен жартылай құрылымдалған сұхбаттар жүргізіліп, нарықтың жетекші қатысушыларының стратегиялық құжаттары мен жылдық есептеріне талдау жасалды. Зерттеу нәтижелері Қазақстанның қаржы ұйымдарында жобаларды басқару негізінен базалық ұйымдастырушылық құрылымдар мен регламенттер деңгейінде институционалданғанын көрсетеді. Бұл ретте жобалық тәжірибелердің жетілу деңгейі нарық сегменттері мен жекелеген ұйымдар арасында айтарлықтай ерекшеленеді. Ең кең таралған тәсіл − каскадты және Agile-әдістемелерін гибридті түрде қолдану, ал жобалар мен портфельдерді басқару жүйелерін (PPM − Project and Portfolio Management) және BI-аналитика құралдарын енгізу деңгейі шектеулі болып отыр. Жобаларды басқаруды дамытудағы негізгі шектеулер ретінде жоғары реттеушілік жүктеме, білікті жобалық менеджерлердің тапшылығы, жеткілікті деңгейде қалыптаспаған жобалық мәдениет және басқарушылық деректерді біріктіру мен негізделген басқарушылық шешімдер қабылдауды қиындататын фрагменттелген IT-инфрақұрылым анықталды.
Бұл мақалада Қазақстандағы еңбекақы жүйесінің дамуы қарастырылады. Бұл зерттеудің мақсаты – Қазақстан Республикасындағы қызметкерлердің еңбекақысының дифференциациясын зерттеу және оның құрылымын аймақтар мен салалар бойынша оңтайландыру бойынша ұсыныстар әзірлеу. Салалар мен аймақтар бойынша жалақыны талдау үшін экономикалық және статистикалық әдістерді, жіктеуді, құрылымдық талдауды, тарихи және салыстырмалы талдауды және ел бойынша әртүрлі ұйымдарда қатысушыларды бақылауды қолдану үшін жүйелік тәсіл қолданылды. Жалақыны реттеудің нарықтық механизмін жүзеге асыру көп жағдайда жалақының жекелеген құрылымдық элементтерін оңтайландыруға байланысты екені анықталды. Бұл мәселені шешудің маңызды тәсілі еңбек нарығындағы қызметкерлер мен жұмыс берушілер өкілдерінің ұжымдық келісім-шарттары арқылы белгіленген еңбек бағасы ретінде жалақыны іс жүзінде тану болып табылады. Жалдамалы жұмысшылардың жалақысының мөлшері бастапқыда барлық деңгейдегі: салалық, аймақтық және республикалық ұжымдық шарттар арқылы анықталуы керек. Бұл ережені іске асыру еңбек қатынастарын реттейтін барлық заңнамалық базаны түбегейлі қайта қарауды және кәсіподақтарды келіссөздер процесінде нақты күшке айналдыруды талап етеді.
Мақала электрондық сауда жағдайында сауда операцияларын бухгалтерлік есепте көрсетуге арналған процесс-цифрлық әдістемелік модельді әзірлеуге бағытталған. Сауданың цифрлық трансформациясы шаруашылық операциялардың құрылымын және есептік ақпаратты қалыптастыру логикасын өзгертеді, мұнда интеграцияланған ақпараттық жүйелерде тіркелетін расталған цифрлық оқиғалар шешуші рөл атқарады. Онлайн-саудада есептік цикл цифрлық тапсырыстың қалыптасу сәтінен басталып, төлемді өңдеуді, қорлардың қозғалысы мен есептен шығарылуын, қайтарымдарды рәсімдеуді, маркетплейс комиссияларын есепке алуды және салықтық міндеттемелерді тануды қамтиды. Зерттеуде операцияларды тіркеудің оқиғалық тәсіліне және тауарға бақылаудың берілу триггерін формализациялауға негізделген процесс-цифрлық есеп моделі ұсынылады. Модель цифрлық тапсырыс оқиғаларының құрылымдалған тізілімі және оларды есепте тану рәсімдері түрінде ұсынылып, түсімді тану уақыты мен оған байланысты бағалау өлшемдерін айқындайтын негізгі бақылау-беру триггері ерекшеленеді. Ұсынылған тәсіл IFRS 15 талаптарын түсімді тануға, IAS 2 талаптарын таза өткізудің мүмкін құнын (NRV) ескере отырып қорларды бағалауға, сондай-ақ IFRS 9 талаптарын күтілетін кредиттік шығындар бойынша резервтерді тануға жүйелі қолдануды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда Ұлттық тауарлар каталогын міндетті қолданудың онлайн-кассалық чектер мен электрондық шот-фактураларды рәсімдеуге ықпалы ескеріліп, бұл цифрлық есеп-салық ортасында негізгі деректердің сәйкестігіне қойылатын талаптарды күшейтеді. Әдіснамалық тұрғыда зерттеу нормативтік-құқықтық талдау мен цифрлық бизнес-процестерді модельдеуді біріктіреді. Нәтижелердің практикалық маңызы ұсынылған модельді есеп саясатын қалыптастыруда және Қазақстандағы электрондық сауда компанияларының цифрлық платформаларын жобалауда қолдану мүмкіндігімен айқындалады.
Экономиканы цифрландыру және агроөнеркәсіп кешені (АӨК) кәсіпорындарын басқару тиімділігі талаптарының жоғарылауы жағдайында бизнес-үрдістерді бюджеттеуді есеп-талдамалық қамтамасыз ету мәселесі маңызды. Бюджеттеудің ақпараттық базасын дұрыс қалыптастыру басқару шешімдерінің негізділігін, ресурстарды бөлудің тиімділігін арттыруға және тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді. Зерттеудің мақсаты – заманауи цифрлық құралдар мен басқару есебінің стандарттарын ескере отырып, агроөнеркәсіп кешеніндегі бизнес-үрдістерді бюджеттеуді есеп-талдамалық қамтамасыз етуінің теориялықәдістемелік негіздерін жүйелеу және дамыту. Зерттеу барысында бюджеттеудің нәтижелігінің көрсеткіштеріне есеп-талдамалық құралдардың әсерін бағалау үшін жүйелік және салыстырмалы талдаудың, құрылымдықлогикалық модельдеудің, сонымен қатар, экономика-математикалық талдаудың әдістері қолданылған. Зерттеудің әдістемелік негізі басқару есебінің тұжырымдамаларына, қаржылық үрдістерді цифрландырудың және талдау қортындыларына сүйенеді. Зерттеудің бірегейлігі бюджеттеуді есеп-талдамалық қамтамасыз етудің түсінігін айқындау мен оны Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің ерекшеліктерін ескере отырып, дамыту бойынша кешенді ұсыныстарды жасаудан тұрады. Зерттеу нәтижелері басқарудың бюджеттеу жүйесіне есеп-талдамалық мәліметтерді интеграциялаудың басқару шешімдерінің ашықтығын, жеделдігін және дәлдігінің артуына әсерін көрсетеді. Құрастырылған модель ұйымның стратегиялық мақсаттары, қаржылық көрсеткіштері мен операциялық жоспарларының байланысы АӨК кәсіпорындарының тұрақтылығы мен рестурстарды қолдануының тиімділігін арттырады.
Мақалада өңірдің экономикалық ресурстарын пайдалану бойынша инвестициялық қызметті жүзеге асыру мүмкіндігі ретінде инвестициялық әлеуеттің мәні мен орнын анықтаудың ғылыми тәсілдері зерттелген. Зерттеу нысаны Түркістан қ. облысының орталығымен 2018 ж. құрылған Түркістан облысы болып табылады. Мақалада жалпы Түркістан облысының экономикасына 2020–2024 жж. ауқымды экономикалық талдау жасалды, жалпы өңірлік өнімнің, өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының, сауданың, туризмнің өсуі белгіленді, ал төмен көрсеткіштер әлеуметтік салада және жалдамалы қызметкерлердің жалақысында анықталды. Экономикалық қызмет түрлері бойынша халықты жұмыспен қамту көрсеткіштеріне талдау жасалды, жұмыспен қамту құрылымы есептелді, сауда, ауыл шаруашылығы, білім беру саласында халықтың басым жұмыспен қамтылуы туралы жеке қорытынды жасалды. Түркістан облысының аудандары бойынша негізігі капиталға инвестициялар көрсеткіштерін талдау көрсетілді, инвестициялар құрылымы облыстың бірқатар аудандарында инвестициялық әлеуеттің дамуы біркелкі емес екендігі туралы қорытынды жасауға әкелді. 2025–2028 жж. арналған Түркістан облысының жобаларының Өңірлік пулының ақпаратын пайдлана отырып, инвестициялар матрицасы алғаш рет есептелді. Өңірдің инвестициялық әлеуеті негізінен өнеркәсіптік өндіріс пен энергетикалық шаруашылықты құруға бағытталған деген қорытынды жасауғаалып келді. Өңірдің бағыты ауыл шаруашылығы екендігін ескере отырып, Түркістан облысының АӨК дамытудың 2022–2028 жж. арналған инвестициялық жобаларына талдау жасалынды, Қытай, РФ инвесторларын тарта отырып, аса маңызды жобалар белгіленді. Ауыл шаруашылығында ЖИ қолдану бойынша ұсыныстар жасалды. Туризмнің инвестициялық әлеуеті Түркістан қаласында байқаладыжәне де Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін пайдаланудағы кешенді тәсіл, сондай-ақ оның өңір экономикасына әсері туралы қорытынды жасалды.
Мақалада жаһандану және геосаяси трансформация жағдайындағы Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы қазіргі экономикалық ынтымақтастық формалары қарастырылады. Зерттеуде «Бір белдеу, бір жол» бастамасының аймақтық сауда, көлік инфрақұрылымы, энергетикалық өзара іс-қимыл және экономикалық интеграция үдерістеріне ықпалына ерекше назар аударылады. Зерттеудің әдіснамалық негізін салыстырмалы, жүйелік және тарихи-логикалық тәсілдер құрайды. Жұмыста макроэкономикалық үрдістер, инфрақұрылымдық жобалар, сауда динамикасы, сондай-ақ сыртқы геосаяси факторлардың аймақтық экономикалық өзара әрекеттесуге әсері талданады. Зерттеу нәтижелері соңғы жылдары Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықтың көлік дәліздерін дамыту, инвестициялық жобаларды кеңейту және сауда-экономикалық байланыстарды нығайту есебінен айтарлықтай күшейгенін көрсетеді. Аймақтық интеграцияның негізгі факторлары ретінде инфрақұрылымдық байланыстылық пен энергетикалық ынтымақтастық айқындалды. Сонымен қатар, ынтымақтастық нәтижелерінің аймақ елдері арасында біркелкі бөлінбейтіні және олардың ұлттық экономикалық саясатқа, логистикалық инфрақұрылым деңгейіне және сыртқы нарық конъюнктурасына тәуелді екендігі анықталды. Зерттеу қорытындысы бойынша Қытай мен Орталық Азия арасындағы экономикалық өзара іс-қимыл қазіргі еуразиялық экономикалық дамудың маңызды элементі болып табылады және аймақтық сауда мен инфрақұрылымдық байланыстарды әртараптандыруға ықпал етеді.
Цифрландыру дәуірінде бизнестің дамуы жаңа сипатқа ие болып, бұл үдерісте жасанды интеллектінің қатысуы сөзсіз болып отыр. Осы мақалада жасанды интеллект пен бизнестің дамуы арасындағы өзара байланыс зерттеледі. Мақаланың мақсаты – жасанды интеллект пен бизнестің дамуы арасындағы өзара әрекеттестікті библиометриялық талдау арқылы зерделеу. Зерттеу әдіснамасы 2008 жылдан 2026 жылдың қаңтар айы аралығын қамтитын Scopus деректер базасын пайдалана отырып жүргізілген библиометриялық талдауға негізделген және жасанды интеллектіні қолдану арқылы бизнестің даму үрдістерін анықтауға бағытталған. Зерттеу нәтижелері талданып отырған кезеңде жарияланымдар санының 8-ден 1026-ға дейін артқанын көрсетеді, ал ғылым салалары бойынша қамтылуы айқын пәнаралық сипатқа ие. Сонымен қатар, тақырыптың танымалдығы тек жарияланымдар санының өсуімен ғана емес, сонымен бірге жоғары дәйексөзделу деңгейімен және осы зерттеу бағыты бойынша авторлардың ғылыми белсенділігінің жоғары болуымен сипатталатыны анықталды. Талдау нәтижесінде төрт негізгі ғылыми бағыт айқындалды (жасанды интеллект және өнеркәсіптік сектор, цифрлық бизнес-платформалар, чат-боттар және электрондық коммерция, бизнесті стратегиялық басқару), олар цифрландыру дәуірінде бизнестің дамуын тұжырымдамалау үшін негіз бола алады. Теориялық маңыздылығы – бұл зерттеу жаңа пәнаралық саланы ашады және жасанды интеллект пен бизнес арасындағы байланысты реттейтін ғылыми қызығушылықтардың эволюциясын құжаттайды. Бұл зерттеудің практикалық маңыздылығы алынған қорытындылар мен нәтижелердің бизнес иелері мен цифрландыруды ілгерілету және бизнесті дамыту бағдарламаларын әзірлейтін мемлекеттік органдар үшін пайдалы болуында.
Жасанды интеллект тұжырымдамасының пайда болуы мен дамуы цифрлық экономиканың қалыптасуы жағдайында ғылыми-техникалық прогресті дамыту логикасының табиғи нәтижесі болып табылады. Қазіргі уақытта жасанды интеллект (AI) әлемнің көптеген елдерінде басқару технологияларын жетілдірудің негізгі трендіне айналуда. Қазақстан бүгінде АИ тұжырымдамасы дамыған елдердің осы қоғамдастығына кіру бойынша белгілі бір күш-жігер жұмсауда. Осыған байланысты, осы ғылыми жұмыстың мақсаты цифрлық экономиканы тиімді дамыту міндеттерін шешуге АИ-технологияларды қолдануда орын алған тәжірибені ескере отырып, елдің қазіргі заманғы дамуы жағдайында АИ тұжырымдамасын бейімдеу мәселелерін зерттеу болып табылады. Бұл ретте, автордың пікірінше, маңызды міндет мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінде және барлық буындарында қабылданатын шешімдердің негіздемелерінде цифрлық және АИ – технологияларды қолдану негізінде жүйелілікті күшейтуді ескере отырып, мемлекеттік менеджменттің сапасын арттыру үшін мүмкіндіктердің әлеуетін зерттеу болып табылады. Зерттеу барысында автор бір жағынан IT-технологиялар мен AI мен екінші жағынан мемлекеттік басқарудағы адами капиталдың сапасы арасындағы байланысты орнатуға ерекше назар аударды. Бұл, әсіресе, автордың пікірінше, Экономика іс жүзінде әлеуметтік даму міндеттеріне тікелей және терең байланысты мемлекеттік басқару жүйесінің негізгі буындарында маңызды.
Шикізат нарықтарындағы жаһандық өзгерістер және жеткізу тізбектерінің ашықтығына қойылатын талаптардың күшеюі тау-кен өндіру секторы үшін жаңа институционалдық жағдайларды қалыптастыруда. Мұндай жағдайда ішкі бақылау жүйесінің тиімділігі рәсімдердің толықтығымен ғана емес, операциялардың цифрлық ашықтығы деңгейімен де айқындалады. Зерттеудің мақсаты – минералдық өнімнің құндық шоғырлануы және жеткізу тізбектерінің ашықтығына қойылатын талаптардың күшеюі жағдайында тау-кен өндіру кәсіпорындарының ішкі бақылау жүйесін цифрлық трансформациялауды теориялық және әдістемелік тұрғыдан негіздеу. Зерттеуде физикалық өндіріс көлемдері мен әлемдік бағалардың динамикасын талдауды, құн қалыптасуындағы құрылымдық өзгерістерді бағалауды, сондай-ақ Қазақстандағы ірі интеграцияланған тау-кен өндіру компаниясының деректері негізінде ішкі бақылау жүйесінің жетілу деңгейін бағалауды қамтитын сандық-институционалдық тәсіл қолданылды. Зерттеу нәтижелері 2020 жылдан кейін алтынның жиынтық құн құрылымындағы үлесі физикалық өндіріс көлемдерінің елеулі өзгерісінсіз 50%-дан асқанын көрсетті. Бұл құндық шоғырлану құбылысының қалыптасқанын дәлелдейді, соның нәтижесінде жеткізу тізбегіндегі негізгі тәуекелдер өндірістік бақылау саласынан шикізаттың шығу тегі мен оның құнын негіздеуді бақылау саласына ауысады. 2020–2024 жж. ішкі бақылау жүйесінің цифрлық жетілу деңгейінің артуы құндық шоғырланудың күшеюімен уақыт жағынан сәйкес келіп, бақылау тетіктерінің тәуекелдер құрылымының өзгеруіне және шикізаттың шығу тегін бақылауға қойылатын талаптардың күшеюіне бейімделуін көрсетеді. Зерттеудің ғылыми жаңалығы тау-кен өндіру секторындағы ішкі бақылауды цифрлық трансформациялаудың дербес экономикалық факторы ретінде құндық шоғырлануды негіздеумен байланысты. Сонымен қатар жауапты жеткізу тізбектеріндегі цифрлық бақылау тетіктерін жобалауға арналған кері байланыс ілмегі бар бес деңгейлі тұжырымдамалық модель мен бақылау архитектурасының жетілу индексі әзірленді. Зерттеудің практикалық маңыздылығы ұсынылған модельді ішкі бақылаудың цифрлық тетіктерін жобалау кезінде және Қазақстанның тау-кен өндіру секторында өнімнің шығу тегін растау рәсімдерін жетілдіру барысында қолдану мүмкіндігімен айқындалады.
Мақала Қазақстан Республикасындағы көші-қон процестерінің еңбек нарығына, адами капиталдың сапасына және ұлттық экономиканың құрылымдық дамуына тигізетін әсерін кешенді талдауға арналған. Қазақстан Республикасындағы ішкі көші-қон процестерінің қазіргі жай-күйі мен даму динамикасын жан-жақты қарау. Урбанизацияның негізгі бағыттарын, ауылдық аудандардан ірі қалалар мен экономикалық белсенді аймақтарға халықтың шоғырлану себептерін, сондай-ақ өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық даму деңгейлеріндегі айырмашылықтарды талдау. Зерттеу барысында көші-қонның әлеуметтік-экономикалық және демографиялық факторлармен өзара байланысы айқындалып, 2010–2025 жж. аралығындағы ресми ұлттық және халықаралық статистикалық деректер негізінде аналитикалық бағалау жүргізілді. Зерттеу барысында экономикалық және статистикалық талдау әдістері қолданылды. Эмпирикалық талдау нәтижелері ішкі көші-қонның урбанизацияланған аймақтарда еңбек өнімділігін 25–30%-ға арттырумен байланысты екенін, ал сыртқы көші-қон аясындағы жоғары білікті кадрлардың үлесінің 31,8%-дан 38,8%-ға дейін өсуі ұлттық инновациялық әлеуетке ұзақ мерзімді теріс әсер ету қауіпін күшейтіп отырғанын көрсетті. Зерттеу нәтижелері көші-қонның еңбек ресурстарының аумақтық ұтқырлығын арттыруға, аймақаралық теңгерімді ішінара жақсартуға және урбанизация үдерісін жеделдетуге ықпал ететінін көрсетті. Сонымен қатар, сыртқы көші-қон аясында жоғары білікті кадрлардың кетуі, ішкі көші-қон салдарынан ірі қалалардағы инфрақұрылымдық жүктеменің артуы және бейресми жұмыспен қамтудың ұлғаюы сияқты тәуекелдер анықталды. Алынған нәтижелер ішкі көші-қонды тиімді басқару тетіктерін жетілдірудің, өңірлік теңгерімді дамуды қамтамасыз етудің және қалалық инфрақұрылымды кешенді жаңғыртудың маңыздылығын негіздейді. Зерттеу қорытындылары мемлекеттік және өңірлік даму саясатында көші-қон факторын ескеруге, аймақтар арасындағы әлеуметтік-экономикалық алшақтықты қысқартуға және елдің ұзақ мерзімді экономикалық дамуын үйлестіруге бағытталған практикалық ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береді.
Мақалада Қазақстан Республикасындағы күтілетін өмір сүру ұзақтығының динамикасы қарастырылып, 2030 жылға дейінгі сценарийлік болжам әзірленеді. Зерттеудің өзектілігі күтілетін өмір сүру ұзақтығының әлеуметтік-экономикалық даму сапасын, қоғамдық денсаулық жағдайын және елдің сыртқы күйзелістерге тұрақтылығын сипаттайтын интегралды көрсеткіш болуымен айқындалады. Зерттеудің мақсаты – әлеуметтікэкономикалық, экологиялық және шоктық факторлардың әсерін ескере отырып, Қазақстандағы күтілетін өмір сүру ұзақтығына болжам жасау. Әдістемелік негіз ретінде көрсеткіштер динамикасын салыстырмалы талдау, Пирсон корреляциялық талдауы, ARIMAX моделін қолдану арқылы уақыттық қатарларды модельдеу және сценарийлік болжау пайдаланылды. Ақпараттық база 2014–2025 жж. аралығындағы күтілетін өмір сүру ұзақтығы, жан басына шаққандағы ЖІӨ, жұмыссыздық деңгейі және PM2.5 концентрациясы бойынша жылдық деректерден құралды. Пандемия кезеңін есепке алу үшін COVID жалған айнымалысы енгізілді. Зерттеу нәтижелері Қазақстандағы күтілетін өмір сүру ұзақтығы ұзақ мерзімді өсуімен, 2020–2021 жж. күрт төмендеуімен және кейінгі қалпына келуімен сипатталатынын көрсетті. Корреляциялық талдау ӨСҰ мен ЖІӨ арасында оң байланысты, ал жұмыссыздық деңгейі және PM2.5 көрсеткішімен теріс байланысты анықтады. Қорытынды ARIMAX(1,1,0) моделі жұмыссыздық пен ӨСҰ арасындағы маңызды теріс байланысты, сондайақ пандемиялық шоктың айқын әсерін көрсетті. Сценарийлік болжам бойынша 2030 жылға қарай ӨСҰ базалық сценарийде 77,44 жылды, оптимистік сценарийде 79,18 жылды, ал пессимистік сценарийде 72,51 жылды құрауы мүмкін. Алынған нәтижелер Қазақстанның одан әрі демографиялық дамуы үшін жұмыспен қамту саясатының, экологиялық тәуекелдерді төмендетудің және қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын нығайтудың маңызын көрсетеді.
Қазіргі таңда логистика саласы әлемдік экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі болып табылады және жаһандық жеткізу тізбектерінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Соңғы жылдары экологиялық тепе-теңдік пен әлеуметтік жауапкершілікке баса назар аударылатын тұрақты даму тұжырымдамасы логистика саласында да маңызды бағытқа айналып отыр. Осыған байланысты, логистикалық процестерде энергия үнемдеу, қалдықтарды азайту, экологиялық зиянды төмендету және ресурстарды ұтымды пайдалану міндеттері өзекті бола түсуде. Бұл мақсаттарға жету үшін заманауи технологиялардың, әсіресе жасанды интеллекттің (ЖИ) мүмкіндіктерін қолдану кеңінен таралуда. ЖИ логистикалық операцияларды автоматтандыруға, нақты уақыт режимінде деректерді талдауға және процестерді оңтайландыруға мүмкіндік береді. Мақалада ЖИ технологияларын тұрақты даму қағидаттарымен біріктіре отырып, логистика жүйелерінің тиімділігін арттыру жолдары қарастырылады. Зерттеу мақсаты – ЖИ қолданудың логистикалық жүйелердің экологиялық, экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштерін жақсартудағы рөлін айқындау. Негізгі талданатын бағыттарға маршруттарды оңтайландыру, қойма және көлік операцияларын автоматтандыру, тауарлық қорларды басқару, сұранысты болжау және жеткізу тізбегін цифрландыру жатады. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, ЖИ негізіндегі шешімдер логистикалық тиімділікті орта есеппен 20–25%-ға арттырады, отын шығынын азайтып, көмірқышқыл газының шығарындыларын төмендетеді, сондай-ақ тауарды жеткізу уақыты мен шығындарын қысқартады. Сонымен қатар, Қазақстандағы логистика компанияларының тәжірибесінде ЖИ енгізудің оң әсері байқалады: процестердің жеделдеуі, ресурстарды үнемдеу және тұтынушыларға қызмет көрсету сапасының артуы. Осы зерттеу логистика саласындағы тұрақты дамуды қамтамасыз етуде ЖИ технологияларының маңызын ашып көрсетеді және оларды енгізудің практикалық ұсыныстарын ұсынады.
Мақалада Қазақстанның қолда бар көлік-логистикалық инфрақұрылымын Орталық Азия аймағында бәсекелік артықшылық көзіне айналдыру әлеуетіне эмпирикалық-талдамалық бағалау ұсынылады. 2020– 2024 жж. көрсеткіштерін салыстыру және кейс-талдау нәтижелері еліміздің инфрақұрылымдық қорының айтарлықтай жоғары екенін – теміржол желісінің кеңдігі, Каспий арқылы порттық байланыс, Қытаймен негізгі шекаралық өткелдердің болуы – және олардың транзит көлемдерінің едәуір өсуіне ықпал етіп отырғанын көрсетеді. Технологиялық және институционалдық өзгерістерді талдау операцияларды цифрландырудың (электрондық рәсімдеу және трекинг платформалары), теміржолдың белгілі бір бөлігінің электрлендірілуінің және жаңартылатын энергия бастамаларының кеңеюінің ілгерілеп жатқанын айқындайды. Авторлар цифрлық қадағалану мен техникалық жаңғыртудың үйлесуі төмен көміртекті маршруттарды коммерцияландыруға негіз қалдыратынын атап өтеді; сонымен қатар электрлендірудің біркелкі еместігі, энергия тұтынуы мен ЖЭК үлесін дәл верификациялау қажеттілігі және өңірлік цифрлық интеграцияның фрагментациясы сияқты толық әлеуеттің іске асуын шектейтін кедергілер белгіленеді. Зерттеу нәтижелері транзиттік логистика саласындағы саясат қалыптастыру мен инвестициялық стратегияларды әзірлеу үшін практикалық мәнге ие.
Мақалада еуразиялық сауда контекстінде жеткізу тізбегін басқаруға блокчейн технологиясын интеграциялаудың кедергілері мен перспективалары зерттеледі. Зерттеудің өзектілігі ЕАЭО елдерінде трансшекаралық логистикалық операциялардың құжаттамалық күрделілігі мен транзакциялық шығындардың жоғары деңгейінен туындайды, бұл өңірдің әлемдік сауда жүйесіндегі бәсекеге қабілеттілігін шектейді. 36 дереккөзге жүйелі шолу, ЕАЭО нормативтік құжаттарын мазмұндық талдау және сараптамалық сауалнама (n=18) негізінде төрт санатқа топтастырылған 24 кедергі анықталды және жіктелді: технологиялық, құқықтық, институционалдық және қаржылық. Аналитикалық иерархия әдісі (AHP) арқылы технологиялық кедергілердің ең жоғары маңыздылыққа ие екені анықталды (салмақ коэффициенті 0,467), бұл жүйелер арасындағы стандартталған хаттамалардың жоқтығымен түсіндіріледі. Авторлық жиынтық транзакциялық шығындар моделі (TTC) негізінде блокчейн шешімдерін енгізудің әлеуетті тиімділігі есептелді: шығындар 67,6%-ға төмендейді, ал Алматы – Мәскеу дәлізі бойынша жалпы экономикалық әсер жылына 977,5 млн АҚШ долларын құрайды. Сондай-ақ елдердің блокчейн енгізуге дайындығын бағалайтын авторлық BCR-индексі әзірленді, оған сәйкес ЕАЭО елдері арасында Ресей (71,8) мен Қазақстан (65,4) ең жоғары дайындықты көрсетіп, Қазақстан – Ресей дәлізі пилоттық енгізудің басымдық алаңы ретінде айқындалды. Зерттеу нәтижелері блокчейн технологияларын логистикалық жүйелерге интеграциялаудың экономикалық негіздемесін нақты сандық көрсеткіштермен растайды және корпоративтік, сондай-ақ мемлекеттік деңгейде стратегиялық шешімдер қабылдауға ғылыми негіз қалыптастырады. Зерттеу нәтижелері мемлекеттік реттеушілер, логистикалық операторлар және цифрлық трансформация саласындағы зерттеушілер үшін практикалық маңызға ие, өйткені олар ЕАЭО логистикалық-көліктік кешенінің цифрлық трансформация стратегиясын қалыптастыруда қолданылуы мүмкін.
Зерттеу Қазақстанның мұнай кірістеріне тәуелділігін азайту мақсатында экономиканы әртараптандырудың проблемалары мен мүмкіндіктерін талдауға арналған. Жаһандық экономикалық өзгерістер мен көмірсутегі бағасының ауытқуы жағдайында стратегиялық әртараптандыру елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етудің негізгі аспектісі болып табылады. Зерттеу әдістемесі экономиканың ағымдағы жағдайының сандық және сапалық талдауын қамтиды, сондай-ақ әлемдік экономика мен мұнай нарығындағы ықтимал өзгерістерге негізделген әртүрлі даму сценарийлерін модельдеуді қамтиды. Талдау көрсеткендей, әртараптандыру мұнайдың әлемдік бағасының ауытқуымен байланысты тәуекелдерді азайта отырып, Қазақстанның экономикалық тұрақтылығын айтарлықтай арттыра алады. Әртараптандыру үдерісінде институционалдық ортаны нығайту және инновацияларды енгізуге және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қабілетті жеке секторды дамыту маңызды рөл атқарады. Зерттеу нәтижелері инновациялық даму және экспорттық қызмет процестеріне экономиканың әртүрлі секторларын көбірек қосуға ықпал ететін саясатты қалыптастыру бойынша нақты ұсыныстарды ұсынады, бұл өз кезегінде мұнай кірістеріне тәуелділікті азайтады және ұзақ мерзімді перспективаға ықпал етеді. мерзімді экономикалық өсу.
Жаһандық экономикалық тұрақсыздықтың күшеюі, әлеуметтік теңсіздіктің өсуі және демографиялық сын-қатерлер жағдайында халықтың өмір сүру деңгейін мемлекеттік реттеу мәселесі ерекше өзектілікке ие болып отыр. Әлеуметтік саясаттың тиімділігі мен өмір сапасы мемлекеттік араласудың ауқымы мен нәтижелілігіне, сондай-ақ дағдарыс кезеңдерінде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету қабілетіне тікелей байланысты. Дамыған елдердің тарихи тәжірибесі экономикалық және әлеуметтік күйзелістер кезеңінде мемлекеттің табыстарды, жұмыспен қамтуды және негізгі әлеуметтік игіліктерге қол жетімділікті тұрақтандырудағы рөлінің артатынын көрсетеді. Зерттеудің мақсаты – халықтың өмір сүру деңгейін мемлекеттік реттеудің шетелдік модельдерін талдау және олардың жекелеген элементтерін Қазақстан Республикасының жағдайына бейімдеу мүмкіндіктерін анықтау. Зерттеу аясында әлеуметтік саланы мемлекеттік реттеудің теориялық тәсілдерінің эволюциясы қарастырылады, әлеуметтік саясаттың либералдық, континенталдық және социал-демократиялық модельдері жүйеленеді, сондай-ақ институционалдық дамудың әртүрлі модельдері бар елдердің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне салыстырмалы талдау жүргізіледі. Зерттеудің ғылыми маңыздылығы өтпелі экономикаға тән институционалдық, фискалдық және әлеуметтік шектеулерді ескере отырып, халықтың өмір сүру деңгейін мемлекеттік реттеу тетіктеріне кешенді салыстырмалы талдау жүргізілуімен айқындалады. Зерттеудің құндылығы Қазақстан Республикасында нарықтық ынталандыруларды, өнеркәсіптік және әлеуметтік саясат элементтерін, сондай-ақ атаулы әлеуметтік қолдау тетіктерін үйлестіретін халықтың өмір сүру деңгейін мемлекеттік реттеудің гибридті моделін қалыптастырудың орындылығын негіздеуде көрініс табады. Зерттеу нәтижелерінің практикалық маңызы оларды әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу және түзету барысында, әлеуметтік саясаттың басымдықтарын айқындауда, сондай-ақ табыстарды, жұмыспен қамтуды және денсаулық сақтау жүйесін реттеу тетіктерін жетілдіруде қолдану мүмкіндігімен анықталады.
Жаһандық цифрландыру жағдайында креативті экономика ұлттық экономиканы әртараптандырудың және еңбек нарығын трансформациялаудың маңызды факторы ретінде қалыптасуда. Бұл зерттеу 2030 жылға дейінгі кезеңде технологиялық өзгерістерді ескере отырып, Қазақстанның креативті экономикасының дамуын сценарийлік болжау моделін әзірлеуге бағытталған. Эмпирикалық негіз ретінде сектордың ағымдағы жай-күйін сипаттайтын деректер пайдаланылды: ол жалпы жұмыспен қамтудың шамамен 3,5%-ын (шамамен 310 мың адам) және жалпы ішкі өнімнің 2,7%-ын құрайды, сондай-ақ цифрландыру әсерін сандық бағалау нәтижелері көрсеткендей, ICT қызметтері экспортының 1%-ға өсуі креативті индустриялардың қосылған құнының шамамен 1,541%-ға артуына алып келеді. Зерттеу әдіснамасы форсайт-тәсілді, сценарийлік талдауды және уақыт қатарларын эконометрикалық модельдеуді біріктіреді. Зерттеу аясында сектор дамуының әртүрлі траекторияларын көрсететін үш баламалы сценарий ұсынылған: «Инновациялық серпіліс», «Орташа бейімделу» және «Технологиялық артта қалу». Нәтижелер ықтимал даму бағыттарының кең ауқымын көрсетеді: инновациялық сценарий жүзеге асқан жағдайда креативті жұмыспен қамту үлесі 2030 жылға қарай 5,8–6,2%-ға жетуі мүмкін, ал қолайсыз жағдайда 3,2–3,5% деңгейінде тоқырау сақталады. Зерттеу нәтижелері табысты трансформацияның негізгі факторлары ретінде цифрлық инфрақұрылымды дамыту, өңірлік теңсіздікті азайту, білім беру жүйесін жаңғырту және креативті индустрияларды мемлекеттік қолдаудың тиімділігін айқындайды. Зерттеудің практикалық маңыздылығы сценарийлерді іске асыру тетіктерін әзірлеуде және креативті экономика мен еңбек нарығын дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатқа ұсыныстар беруде көрініс табады.
ТУРИЗМ: ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ
Бұл зерттеу Алматы, Астана және Шымкент сияқты ірі туристік хабтарға баса назар аудара отырып, Қазақстанның қонақжайлылық секторында тұрақты кәсіпкерлікті енгізумен байланысты қозғаушы күштерді, қиындықтарды және трансформациялық стратегияларды зерттейді. Түсіндірмелі тізбекті аралас әдістерді қолдана отырып, зерттеу 158 қонақ үй менеджерінің сандық сауалнама деректерін 18 жартылай құрылымдалған сұхбаттан алынған сапалық түсініктермен біріктіреді. Зерттеу нәтижелері тұрақтылықты енгізудің негізгі қозғаушы күші операциялық шығындарды үнемдеуге ұмтылу, одан кейін үкіметтік ережелер және бәсекелестік артықшылық екенін көрсетеді. Маңызды кедергілерге жоғары бастапқы инвестициялық шығындар, қаржыландыруға шектеулі қолжетімділік және техникалық білімнің жетіспеушілігі жатады. Іске асыру деңгейлері тәжірибе бойынша әртүрлі: энергия тиімділігі мен суды үнемдеу кеңінен қолданылады, ал қалдықтарды азайту және қызметкерлерді оқыту әлі де дамымаған. Зерттеу Қазақстандағы тұрақтылыққа бағытталған күш-жігер негізінен этикалық немесе экологиялық тұрғыдан емес, экономикалық тұрғыдан негізделгенін көрсетеді және институционалдық құрылымдардың қос рөлін – трансформацияны қамтамасыз ететін және шектейтінін көрсетеді. Осы түсініктерге сүйене отырып, зерттеу жергілікті нарық жағдайларына және институционалдық дайындыққа бейімделген инкрементальды, контекстке сезімтал стратегияларды жақтайтын контекстке тәуелді кезеңді трансформация (CPT) моделін ұсынады. Нәтижелер дамушы экономикалардағы тұрақты кәсіпкерлік теориясына да, практикалық саясатты қалыптастыруға да үлес қосады.
Зерттеу жұмысының мақсаты еліміздің туризм индустриясының даму тенденциялары мен әсер етуші көрсеткіштерін талдау және оның әсерін анықтау. Халықаралық ұйымдар басылымдары мен әлем ғалымдарының еңбектерін талдау, туризм және туристік ресурстар ұғымдарына авторлық анықтама беру, туризм индустриясына әсер етуші көрсеткіштерін анықтап зерттеу, іріктеп алынған көрсеткіштердің орташа арифметикалық мәнімен әрбір көрсеткіштің үлес салмағын Фишберн әдісімен және абсолюттік мәнінің үлесін есептеу арқылы интегралдық көрсеткіштер нәтижесіне қол жеткізу мен қорытынды жасау мақаланың міндеттерінде қарастырылады. Сонымен қатар, жоғары қарқынмен дамып отырған туризм индустриясын зерттеуші ғалымдардың ғылыми жұмыстарына әдебиеттік шолу жасалады. Туризм индустриясындағы қарқындылықтың артуы әлем ғалымдары мен халықаралық Ұйымдардың басты назарындағы өзекті тақырыптардың бірі. Экономикалық өсуге жаңа импульс беруші туризм индустриясына басым әсер етуші көрсеткіштердің талдануы, олардың әрбіреуінің туризмнің дамуына әсерін талдау мақаланың өзектілігін арттырады. Ғылыми мақаланы талдау барысында, мақалаға қойылған мақсаты мен міндеттеріне қол жеткізу үшін авторлар бірнеше ғылыми әдістерге тоқталады. Алыс және жақын елдер ғалымдарының ғылыми жұмыстарымен толық танысуда анализ және синтез жасау, ҚР-ң Статистикалық Агенттігінің және Талдау ақпараттық жүйесінің 2020–2025 жж. мәліметтеріне сәйкес орташа арифметикалық мәні арқылы әрбір көрсеткіштің басымдылық үлесі мен абсолюттік мәнінің үлесі анықталады және қорытынды жасалады. Мақаланы қорытындылай отырып, еліміздің туризм индустриясын дамыту мақсатында жүргізіп отырған іс-шараларының қарқынды түрде жүргізілуі нәтижесінде республикамыздың туризмді дамытудағы жағымды серпіні көрінеді. Нәтижесінде авторлардың зерттеу мақсатында таңдап алынған көрсеткіштерінің дифференциалды болуы және кейбір көрсеткіштердің басымдылық шамасының жоғарылығы анықталды.
Зерттеудің мақсаты – Қазақстанда цифрлық туризм мен экскурсиялардың тартымдылығын дамытудың ерекшеліктерін зерттеу. Мақала туризмді цифрлық трансформациялаудың негізгі кедергілерін талдап, саяси, экономикалық, әлеуметтік және технологиялық факторларды қарастырады және саланың ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, оларды еңсерудің ықтимал жолдарын ұсынады. Зерттеу ірі мегаполистердің қалалық ортасының белсенді цифрлық трансформациясы контекстінде туризм мен экскурсиялық қызметтерді дамытудың теориялық аспектілерін қарастырады және цифрлық туристік инфрақұрылымның қалыптасуына сыртқы ортаның әсерін бағалайды. PEST талдауы негізінде цифрлық инфрақұрылымның тартымдылығын, ақпараттық жүйелердің интеграциялану деңгейін, кадрлық және институционалдық жағдайларды анықтайтын негізгі факторлар айқындалды. Атап айтқанда, туристік секторда заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге кедергі келтіретін деректердің фрагментациясы, цифрлық теңсіздік және мамандар тапшылығы мәселелеріне ерекше назар аударылады. Мақала цифрлық туристік және экскурсиялық инфрақұрылымның тартымдылығын арттырудың басым бағыттарын негіздейді: біртұтас цифрлық экожүйені қалыптастыру, ірі деректер аналитикасын дамыту, цифрлық бизнес құзыреттерін жетілдіру және қалалық туристік ортаға ақылды технологияларды енгізуді ынталандыру. Алынған нәтижелер туризмді цифрландыру бағдарламаларын әзірлеуде, сондай-ақ Қазақстанның мегаполистеріндегі басқару органдары мен туристік индустрия субъектілерінің практикалық қызметінде қолданылуы мүмкін.
Балалар мен жасөспірімдерге арналып ұйымдастырылған туризм баяғыда жай демалыс шеңберінен шығып кетті: бүгінде олар ұлттың адами капиталына салынған инвестиция, азаматтық тәрбие құралы және аймақтық дамудың факторларының бірі ретінде қабылданады. Осыған қарамастан, қазақстандық ғылымда бұл сегмент сандық талдау тұрғысынан әлі де жеткіліксіз зерттелген. Осы мақала аталған олқылықты толтырады: оның мақсаты 2020–2025 жж. аралығында Қазақстандағы балалар-жасөспірімдер туризмінің ауқымы мен динамикасын анықтайтын әлеуметтік-экономикалық факторларды анықтау және өлшеу. Зерттеу ҚР Ұлттық статистика бюросының ресми статистикасына сүйенеді және корреляциялық-регрессиялық талдауды, аймақтық салыстырмалы талдауды және SWOT-әдіснаманы біріктіреді. Құрылған төртфакторлы регрессиялық модель сегменттегі туристік қызметтер көлемінің вариациясының 84,7%-ын түсіндіреді; детерминанттар арасынан жан басына шаққандағы ЖІӨ, жастардың демографиялық әлеуеті, білімге арналған мемлекеттік қаражат бөлу және туристік инфрақұрылым деңгейі бөліп көрсетіледі. Барлық предикторлар p<0,01 деңгейінде маңызды, МНК алғышарттарының бұзылуы анықталған жоқ. 2025 жылға қарай салалық көрсеткіштер қызмет көлемі бойынша пандемияға дейінгі деңгейден 74%-ға, жұмыспен қамту бойынша 29%-ға асып түсті, алайда айқын аумақтық шоғырлану сақталуда: елдің екі ірі қаласы сегменттің жалпы айналымының 45%-дан астамын жинақтайды. Аймақтық талдау табиғи байлыққа бай облыстардың – Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының – іске асырылмаған әлеуетін тіркейді. Жұмыстың ғылыми жаңалығы қазақстандық туристік нарықтың осы сегменті үшін бірінші верификацияланған эконометриялық модельді әзірлеуден тұрады. Практикалық нәтиже – республикалық та, аймақтық та деңгейде салалық бағдарламаларды қалыптастыру кезінде пайдалануға жарамды мемлекеттік реттеу, субсидиялау және инфрақұрылымдық даму бойынша нақты ұсынымдар.
ЖАС ЗЕРТТЕУШІНІҢ МІНБЕСІ
Бұл зерттеуде 2010–2025 жж. аралығында Қазақстанның Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы субсидияларының фермерлік өнімділікті арттырудағы тиімділігі эмпирикалық тұрғыдан қарастырылады. Мемлекеттік шығыстардың айтарлықтай көлеміне және субсидиялардың аграрлық саясаттың негізгі құралы ретінде кеңінен қолданылуына қарамастан, олардың өнімділік өсіміне нақты үлесі әлі күнге дейін даулы мәселе болып отыр. Сандық зерттеу дизайнын қолдана отырып, бұл жұмыс Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінен алынған 34 фермерлік шаруашылықтың (510 бақылау) панельдік деректерін талдайды. Субсидия мөлшері мен фермерлік өнімділік арасындағы байланысты бағалау үшін Хаусман тесті арқылы расталған екі бағытты фиксирленген әсерлер регрессия моделі қолданылып, жер көлемі мен негізгі құралдар бақылауға алынды. Диагностикалық тесттер модельдің негізгі классикалық регрессия болжамдарына сәйкестігін растайды. Нәтижелер ауыл шаруашылығы субсидияларының фермерлік өнімділікке статистикалық тұрғыдан айтарлықтай әсер етпейтінін көрсетті (β = 0,228, p > 0,05). Бұл тұжырым кіші кезеңдерді талдау барысында да (2010–2015 және 2016–2025) дәйекті сақталып, субсидия көлемінің ұлғаюы өнімділіктің өлшенетін өсіміне әкелмегенін айғақтайды. Зерттеу субсидиялардың құрылымдық тиімсіздігін анықтады, оның ішінде қаражаттың ірі шаруашылықтар арасында теңгерімсіз бөлінуі, шарттылықтың әлсіздігі және өнімділікті ынталандырудан гөрі шығындарды өтеуге бағытталуы сияқты мәселелер бар. Бұл тұжырымдар мақсатсыз қаржылық қолдаудың тиімсіздігіне қатысты дәлелдер жинағын толықтырып, саясатты реформалаудың шұғыл қажеттілігін көрсетеді. Мақала технологияларды енгізуге, тұрақты тәжірибелерге және тиімді мониторинг жүйелеріне негізделген «ақылды», өңірлік ерекшеліктерді ескеретін және нәтижеге бағытталған субсидиялау механизмдеріне көшуді ұсынады. Зерттеу Қазақстанның аграрлық секторындағы мемлекеттік шығыстардың тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға ұмтылатын саясаткерлер үшін нақты ұсыныстар береді.
Қазақстанның фискалдық кеңістігінің тарылуы экономика секторлары арасында мемлекеттік капиталды бөлудің көлемін емес, оның құрылымын аса маңызды етеді. Зерттеудің мақсаты бюджеттік шектеулер жағдайында экономиканы әртараптандыруды барынша арттыратын мемлекеттік капиталды секторлар бойынша бөлуді анықтайтын желілік оңтайландыру моделін Қазақстанның ресми деректері негізінде құру және шешу. Әдіснама «шығындар – шығарылым» талдауын, өндірістік желіні талдауды және шектеулері бар оңтайландыруды біріктіреді. Эмпирикалық негіз ретінде Қазақстан Республикасының 2020–2023 жж. симметриялық «шығындар – шығарылым» кестелері алынды: олардың базасында ірілендірілген секторларға біріктірілген өнімнің 68 түрі үшін шығарылым мультипликаторлары, Расмуссен бойынша тура және кері байланыстар және желілік орталықтылық көрсеткіштері есептелді. Әртараптандыру Херфиндаль – Хиршманның экспорттық шоғырлану индексі арқылы операцияландырылған. Төмендеуші шекті табыстылығы бар оңтайландыру моделі тұжырымдалды, онда секторлардың тіркелген капитал бюджетіндегі үлестері шешім айнымалылары болып табылады, ал секторлардың әртараптандыруға қосатын үлесі экспорттық бағдарға қарай түзетілген салмақтармен беріледі. Есептеулер көрсеткендей, сауда, бизнес-қызметтер және металлургия кешені ең жоғары желілік иінтірекке ие, ал көлік аралық позицияны иеленеді; бұл ретте шикізат секторларының жоғары желілік орталықтылығы олардың әртараптандыруға үлес қосатынын білдірмейді. Модельдің шешімі инвестициялардың нақты құрылымынан жүйелі түрде ауытқитын бөліністі көрсетеді: өндіруші сегмент әртараптандыруға қосатын үлесіне қатысты артық инвестицияланған, ал бірқатар шикізаттық емес секторлар жеткіліксіз қаржыландырылған. Ғылыми жаңалығы секторлық басымдықтардың сапалық тұрғыдан емес, өлшенетін әрі қайта жаңғыртылатын желілік параметрлері бар ресми оңтайландыру моделінің шешімі ретінде алынуында.
Бұл ғылыми зерттеу жұмысым Қазақстан Республикасындағы жеке тұлғаларға салық салу жүйесін теориялық және практикалық тұрғыдан талдауға бағытталған. Салықтық әділеттілік пен фискалдық тұрақтылықты қамтамасыз етуде жеке табыс салығының (ЖТС) атқаратын рөліне ерекше назар аударылады. Зерттеуде Қазақстандағы салық салу практикасы дамыған (АҚШ, Германия, Франция) және дамушы (Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан) елдердің салықтық жүйелерімен салыстырыла отырып, салық салудың құрылымдық ерекшеліктері, мөлшерлемелері, әкімшілендіру тетіктері мен салық жеңілдіктері қарастырылады. Еліміздегі жеке табыс салығына аса назар аударылып соңғы бес жылға, бюджетке ірі көлемде салық төлейтін аудандар туралы мәліметтер жинастырылып, талдау жасалынады. Оннан аса елдердің жеке табыс салығы (ЖТС) жоқ екендігі және олардың мемлекеттік табыс көздері туралы біршама талдаулар жасалынады.Олардың көбіне табыс көзі болып: мұнай, газ, туризм, офшор. Халықаралық салыстырмалы талдау нәтижесінде Қазақстандағы салық салу жүйесінің институционалдық артықшылықтары мен жүйелі кемшіліктері айқындалады. Сонымен қатар, зерттеу барысында көлеңкелі экономика, декларация тапсыру, салықтан жалтару, және прогрессивті салық салу жүйесін енгізу сияқты өзекті мәселелерге талдау жасалып, ұлттық салық саясатын оңтайландыруға бағытталған кешенді ұсыныстар әзірленеді. Зерттеу нәтижелері жаһандану жағдайында Қазақстанның салық жүйесін реформалауға ғылыми негізделген тәсілдерді ұсынуға мүмкіндік береді. Прогрессивті салық жүйесі табыс деңгейі артқан сайын салық мөлшерлемесінің де өсуін көздейді. Осылайша ЕС-ге мүше шағын мемлекеттерде бюджет кірістері тұрақтандырылумен қатар, әлеуметтік теңсіздікті төмендетуге және қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға ықпал етеді.
Жаһандық макроэкономикалық тұрақсыздық жағдайында салық саясаты дамушы экономикалардағы үй шаруашылықтарының кірістері мен әлеуметтік әділеттілікті реттеудің маңызды тетігіне айналуда. Бұл зерттеуде Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасындағы 2024–2026 жж. салық реформаларына және олардың үй шаруашылықтарының қолда бар табысына тигізетін әртүрлі әсеріне салыстырмалы талдау ұсынылған. Негізгі мақсат – Салық кодекстеріндегі құрылымдық өзгерістердің әлеуметтік-экономикалық салдарын бағалау, атап айтқанда Қазақстанның жеке табыс салығының прогрессивті шкаласына көшуін және Түркияның гиперинфляция жағдайындағы индекстеу саясатын мұқият қарастыру. Зерттеудің негізгі бағыттарына «фискалдық тежелу», салықтық жақшалардың «жылжу» (bracket creep) феноменін сандық бағалау және екі юрисдикциядағы салықтық сынаны салыстырмалы есептеу кіреді. Ғылыми маңыздылығы жоғары инфляция жағдайында атаулы жалақының өсуі салық ауыртпалығының жасырын өсуіне әкелетін латентті механизмдерді ашуда жатыр. Практикалық тұрғыдан алғанда, жұмыс инфляция мен статикалық салық шегінің өзара әрекеттесуінен туындайтын орта тап пен жалдамалы жұмысшылар үшін нақты тәуекелдерді бағалайды. Бұл зерттеудің құндылығы екі түрлі фискалдық стратегияны жаңаша салыстырмалы бағалаудан көрінеді: Қазақстандағы ҚҚС мөлшерлемелерін өзгерте отырып жоспарланған құрылымдық фискалдық түзетулерге қарсы Түркиядағы дағдарысқа қарсы бейімделгіш басқару. Алынған нәтижелер халықтың нақты табысына теріс шоктардың әсерін бәсеңдету мақсатында салық салу параметрлері мен индекстеу шегін серпінді реттеу бойынша мемлекеттік органдар үшін объективті бағдарларды ұсынады.
Өңірлік бюджет кірістерінің құбылмалылығы артқан жағдайда аумақтың нақты түсімдерін ғана емес, оның экономикалық базасы негізінде «қалыпты» жағдайда қанша салықтық кіріс қалыптастыра алатынын бағалау ерекше маңызға ие. Мақалада 2020–2024 жж. аралығында Шығыс Қазақстан облысының (ШҚО) салықтық қабілеті (tax capacity) бағаланып, нақты салық түсімдері мен әлеуетті қол жеткізуге болатын деңгей арасындағы айырма (tax gap) анықталады. Зерттеудің мақсаты – өңірдің tax capacity көрсеткішін есептеу, салықтық күш-жігерді (tax effort) анықтау және «нақты–әлеует» алшақтығын қалыптастыратын негізгі ірілендірілген салық топтарын айқындау. Эмпирикалық база ретінде ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) бюджеттік сыныптаманың 1xx топтары бойынша ашық деректері және ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының өңірлік әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері пайдаланылды. Tax capacity екі өзара толықтырушы тәсілмен бағаланды: (1) ӨӨӨ-ге (ВРП) қатысты «қалыпты» салық жүктемесі негізіндегі benchmark тәсілі және (2) ірілендірілген салық топтарын макропрокси базалармен (ФОТ_proxy, бөлшек сауда айналымы, ӨӨӨ) байланыстыратын құрылымдық тәсіл. Нәтижелер 2024 жылы макроэкономикалық база өскеніне қарамастан нақты түсімдердің төмендегенін, ал tax effort 0,64–0,71 деңгейіне түсіп, 132–180 млрд тг шамасында tax gap қалыптастырғанын көрсетеді; алшақтықтың басым бөлігі 105 тобы (тауарлар, жұмыстар мен қызметтерге салынатын салықтар) және ішінара 101 тобы (табыс салығы) есебінен туындаған. Зерттеудің ғылыми құндылығы – ашық деректер негізінде өңірлік салықтық қабілетті бағалаудың және алшақтықты құрылымдық декомпозициялаудың қайталанымды әдістемелік контурын ұсыну. Практикалық маңызы – фискалдық орнықтылық мониторингіне, сондай-ақ ең құбылмалы салық блоктары бойынша басқарушылық талдауды приоритизациялауға қолданылуы.
Мақалада Қазақстандағы ипотекалық несиелеу нарығының дамуы және қаржылық құбылмалылық факторларының ипотекалық несиеге әсері зерттеледі. Зерттеудің негізгі мақсаты – инфляция, базалық мөлшерлеме және айырбас бағамының ипотекалық несие көлеміне ықпалын бағалау, сондай-ақ тұрғын үй нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету бағыттарын анықтау болып табылады. Зерттеу барысында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, Ұлттық статистика бюросы және екінші деңгейлі банктердің ресми деректері пайдаланылды. Зерттеуде статистикалық, корреляциялық, регрессиялық, векторлық авторегрессиялық (VAR) және коинтеграциялық талдау әдістері қолданылды. Эконометриялық модельдеу нәтижелері инфляция деңгейі мен пайыздық мөлшерлеменің өсуі ипотекалық несие көлеміне теріс әсер ететінін көрсетті. Инфляцияның 1%-ға өсуі ипотекалық несие көлемін орта есеппен 0,7–0,9%-ға төмендететіні анықталды. Сонымен қатар, айырбас бағамының тұрақсыздығы құрылыс шығындарын арттырып, тұрғын үй бағасының өсуіне ықпал ететіні дәлелденді. Зерттеу барысында Otbasy Bank тұрғын үй жинақ жүйесінің қаржылық құбылмалылық жағдайында салыстырмалы түрде тұрақты модель екендігі анықталды. Бұл жүйенің депозиттік жинақ механизміне негізделуі ипотекалық несиелеудің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты инфляцияға бейімделген мемлекеттік сыйақы жүйесін енгізу, бастапқы жарна талаптарын саралау және цифрлық ипотекалық скоринг жүйесін дамыту бойынша практикалық ұсыныстар әзірленді. Нәтижелер қаржылық құбылмалылықтың ипотекалық несиелеу динамикасына елеулі әсер ететінін көрсетті. Пайыздық мөлшерлеменің өсуі несиеге сұранысты азайтып, тұрғын үй нарығындағы белсенділікті баяулатады. Инфляцияның артуы халықтың нақты табысын төмендетіп, ұзақ мерзімді қарыз алуды шектейді. Айырбас бағамының ауытқуы банктердің қорландыру құнын өсіріп, тәуекелдерді күшейтеді. Коинтеграциялық талдау ипотекалық несие мен макроэкономикалық көрсеткіштер арасында ұзақ мерзімді тепе-теңдік бар екенін дәлелдеді. Импульстік әсер функциялары қаржылық шоктардың ықпалы бірнеше тоқсанға созылатынын көрсетті. Мемлекеттік қолдау бағдарламалары нарықты ынталандыруда маңызды рөл атқарады, бірақ олардың тиімділігі макроэкономикалық тұрақтылық пен банктердің тәуекелдерді басқару сапасына тәуелді. Зерттеу ипотекалық несиелеудің экономикалық өсуге мультипликативтік әсерін айқындайды. Зерттеу қорытындылары ипотекалық несиелеу нарығын жетілдіруге, тұрғын үйге қолжетімділікті арттыруға және қаржы секторындағы тәуекелдерді төмендетуге бағытталған мемлекеттік саясатты қалыптастыруда практикалық маңызға ие.
Халық денсаулығына салынатын инвестициялар тұрақты өңірлік дамудың негізгі факторларының бірі болып табылады. Олар адами капиталдың ұдайы өндірілуімен, демографиялық тұрақтылықпен және әлеуметтік тұрақтылықпен тікелей байланысты. Аумақтық теңсіздік жағдайында мұндай инвестициялардың тиімділігі өңірлер бойынша әркелкі қалыптасады. Бұл әсіресе «ядро–периферия» үлгісі айқын байқалатын аймақтар үшін өзекті. Қазақстан жағдайында денсаулық сақтау саласындағы инвестициялардың өңірлік дамуға ықпалын бағалау ғылыми әрі практикалық маңызын сақтап отыр. Зерттеудің мақсаты – халық денсаулығына бағытталған инвестициялардың тұрақты өңірлік дамуды қамтамасыз етудегі рөлін бағалау. Зерттеу нысаны ретінде Шығыс Қазақстан облысы қарастырылды. Өскемен қаласының рөлі жеке талданды. Зерттеуде 2019– 2025 жж. аралығындағы денсаулық сақтау жүйесінің инвестициялық динамикасы, ресурстық қамтамасыз етілуі және нәтижелік көрсеткіштері талданды. Эмпирикалық база ретінде Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының және Денсаулық сақтау министрлігінің ресми деректері пайдаланылды. Зерттеу әдістері динамикалық, салыстырмалы және құрылымдық талдауды қамтиды. Сонымен қатар аумақішілік салыстыру әдісі қолданады. Зерттеудің ғылыми маңыздылығы денсаулық сақтау саласындағы инвестициялардың өңірлік деңгейде теңестіруші әсерінің шектеулі екенін анықтаумен сипатталады. Қаржыландырудың өсуі жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді. Ол пандемиядан кейінгі кезеңде жекелеген көрсеткіштердің қалпына келуіне ықпал етеді. Алайда медициналық инфрақұрылым мен кадрлардың аумақтық шоғырлануы инвестициялардың әлеуметтік қайтарымын шектейді. Зерттеу нәтижелері өңірлік денсаулық сақтау саясатын жетілдіруде қолданылуы мүмкін. Олар медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған шешімдер қабылдауға негіз болады.
Өзектілік: ЖОО-ны бюджеттік қаржыландыру үлгісі мен механизмдерін таңдау жоғары білімді мемлекеттік басқарудың маңызды мәселелерінің бірі болып табылады. Мақсаты: әлемдік тәжірибеде қолданылатын жоғары білімді қаржыландырудың базалық үлгілері мен механизмдерін салыстырмалы талдау жүргізу және Қазақстан жүйесінің осы типологиядағы орнын анықтау. Методология: салыстырмалы, құрылымдық және институционалдық талдау әдістері қолданылады. Нәтижелер: ЖОО-ны қаржыландырудың базалық үлгілері мен механизмдері жүйеленді; бес елдің тәжірибесі бойынша салыстырмалы талдау жүргізілді; Қазақстан жүйесі халықаралық типологияда шығын бағдарлы (input) сметтік-формулалық механизмі басым институционалдық үлгі ретінде позицияланды. Практикалық маңыздылығы: нәтижелер ҚР ЖОО-ларын бюджеттік қаржыландыру механизмдерін жетілдіру бойынша шешімдер әзірлеуде пайдаланылуы мүмкін.
Қазіргі уақытта әлемдік қаржы нарықтарында белсенді трансформация үдерістері жүріп жатқан жағдайда, Қазақстанның сақтандыру нарығы экономикалық тұрақтылық пен әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты, аталған жұмыстың негізгі мақсаты – соңғы жылдардағы Қазақстанның сақтандыру секторына жан-жақты талдау жүргізу, жүйенің тиімділігіне әсер ететін негізгі факторларды анықтау және нарықтың қарқынды дамуына кедергі келтіруі мүмкін мәселелерді жою мен жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлеу болып табылады. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, Қазақстанның сақтандыру нарығы сақтандыру сыйлықақыларының көлемі, сақтандыру төлемдері, сақтандыру тығыздығы мен ену деңгейі көрсеткіштері арқылы, сондай-ақ сектор табыстылығының оң деңгейінің сақталуы негізінде айқындалатын серпінді өсуді көрсетеді. Зерттеу барысында өсудің негізгі факторлары ретінде цифрландыру, қабылданған нормативтік-құқықтық актілер мен реформалардың ықпалы, сақтандыру өнімдері санының артуы анықталды. Сонымен қатар, сақтандыру мәдениетінің төмен деңгейі мен макроэкономикалық көрсеткіштерге тәуелділік нарықтың дамуын шектейтін факторлар ретінде айқындалды. Жұмыстың ғылыми жаңалығы Қазақстанның сақтандыру нарығының дамуын 2017–2025 жж. аралығында сақтандыру сыйлықақылары, сақтандыру төлемдері, сақтандыру тығыздығы, сақтандырудың ену деңгейі және рентабельділік көрсеткіштері негізінде кешенді бағалауда көрінеді. Зерттеу барысында сақтандыру төлемдерінің көлемі мен оларды пайдалану динамикасы арасындағы өзара байланыс анықталып, сақтандыру қызметтерінің халық пен бизнес тарапынан нақты қолданылу белсенділігінің арту үрдісі көрсетілді. Сонымен қатар сақтандыру нарығының негізгі коэффициенттері арасындағы корреляциялық байланыстар есептеліп, сектордың қаржылық тұрақтылығына әсер ететін факторлар айқындалды. Жұмыстың практикалық маңыздылығы алынған нәтижелерді мемлекеттік саясат пен Қазақстанның сақтандыру нарығын дамыту стратегияларын жетілдіруде қосымша құрал ретінде пайдалану мүмкіндігімен айқындалады.
Жасанды интеллект (ЖИ) қазіргі жағдайда тек технологиялық құрал болудан қалып, инновацияларды басқарудың заманауи модельдерінің өзегіне айналуда. Қазақстанда 2026 ж. ресми түрде цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялануына байланысты, бұл тақырып ерекше стратегиялық маңызға ие болып отыр. Сонымен қатар қолданыстағы теориялық модельдер негізінен дамыған нарықтар үшін әзірленген және өтпелі экономикалардың ерекшеліктерін ескере бермейді. Осы жұмыстың мақсаты – жасанды интеллект пен кәсіпорындардың инновациялық дамуын басқару тоғысындағы халықаралық ғылыми әдебиеттерге жүйелі теориялық-әдіснамалық шолу жүргізу, сондай-ақ жаһандық тәсілдердің Қазақстан контекстінде қолданылу мүмкіндігін бағалау. Жұмыста алты теориялық көзқарас талданады: ресурстық тәсіл, динамикалық қабілеттер, инновациялардың диффузиясы теориясы, TOE фреймворкі, институционалдық перспектива және цифрлық жетілу модельдері. Шолу 1983–2026 жж. аралығындағы Scopus, Web of Science дерекқорлары мен өңірлік басылымдардағы жарияланымдарды қамтиды. Жаһандық модельдердің жасанды интеллекттің орталықсыздандыру әсері туралы постулаттары мен Қазақстандағы «цифрлық орталықтандыру» феномені арасындағы теориялық алшақтық анықталды. Сыни талдау негізінде алғаш рет өтпелі экономикадағы институционалдық контексті тікелей ескеретін «ЖИ ресурстары – Динамикалық қабілеттер – Институционалдық сүзгі – Инновациялық қызмет нәтижелері» атты зерттеу шеңбері ұсынылды. Қазақстандық кәсіпорындар үлгісінде кейінгі эмпирикалық зерттеулер жүргізуге арналған алты тексерілетін гипотеза тұжырымдалды. Зерттеу нәтижелері инновациялық менеджмент саласындағы зерттеушілер, цифрлық трансформация саясатын әзірлеушілер және Қазақстан кәсіпорындарының менеджмерлері үшін қызығушылық тудырады.
Цифрлық маркетингтің дамуы жағдайында шағын және орта бизнес кәсіпорындары үшін тұтынушы назарын тиімді басқару маңызды мәселеге айналуда. Дәстүрлі маркетингтік талдау әдістері тұтынушының санадан тыс қабылдау механизмдерін толық ашып көрсете алмайды, бұл нейромаркетингтік тәсілдерді қолданудың өзектілігін арттырады. Осы зерттеудің мақсаты – бейнеконтент құрылымының (адамның қатысуы және эмоциялық динамика) тұтынушылардың эмоциялық және физиологиялық реакцияларына әсерін бағалау. Зерттеу барысында iMotions платформасы негізінде FaceReading және GSR әдістері қолданылып, екі түрлі бейнеролик салыстырылды: адамның қатысуымен және онсыз. Зерттеу нәтижелері адамның қатысуы бар бейнеконтент эмоциялық тартылуды арттыратынын, сондай-ақ эмоциялардың уақыт бойынша өзгеруі тұтынушының қызығушылығына елеулі әсер ететінін көрсетті. Жұмыстың ғылыми жаңалығы бейнеконтентті статикалық емес, уақыт бойынша дамитын эмоциялық процесс ретінде қарастыруда көрінеді. Зерттеу нәтижелері цифрлық маркетинг стратегияларын жетілдіруде, әсіресе шағын және орта бизнес субъектілерінің жарнамалық тиімділігін арттыруда қолданылуы мүмкін. Жұмыстың практикалық маңызы – бейнерекламаны құруда эмоциялық динамика мен антропоморфтық элементтердің рөлін негіздеу.
Мақала Қазақстанның визуалды мазмұны мысалында туристік дестинация брендімен эмоционалды сәйкестік феноменін зерттейді. Зерттеудің негізгі мақсаты – нейромаркетинг әдістерін пайдаланып қатысушылардың брендімен эмоционалды байланысын талдау, дәстүрлі субъективті бағалаулардан тыс, тұтынушылардың бейсаналық реакцияларын объективті өлшеу қажеттілігін көрсету. Әдістемелік тұрғыдан, зерттеу теориялық талдау мен эмпирикалық нейромаркетинг экспериментін біріктіретін интердисциплинарлық тәсілді қолданады. 15 қатысушыға бейнемазмұн көрсетіліп, олардың эмоционалды реакциялары Face Reading бағдарламалық және аппараттық құралдарымен тіркелді. Спектралдық талдау бренд қабылдауында күрделі құрылымды анықтап, әртүрлі визуалды элементтердің әртүрлі эмоционалды реакциялар туындататынын көрсетті. Ғылыми және практикалық мәні – маркетингтік коммуникацияда эмоционалды сәйкестікті түсіну және дестинациялық бренд стратегияларын жетілдіру. Зерттеу визуалды кодтарды контрастты мәнмен пайдалану арқылы динамикалық және эмоционалды тартымды бренд профилін құру тиімділігін дәлелдейді. Практикалық құндылығы – жарнама мазмұнының коммуникативтік тиімділігін арттыру, маркетингтік науқандарға ұсыныстар жасау және Қазақстанның туристік қызметтерін халықаралық деңгейде насихаттау. Нейромаркетинг деректерін визуалды мазмұнды талдаумен біріктіру эмоционалды тартымды материалдар жасауға, брендке деген адалдықты күшейтуге және жалпы туристік тәжірибені жақсартуға нақты ұсыныстар береді.
Цифрландыру үдерісінің жеделдеуі және медиакеңістіктің фрагментациясы жағдайында маркетингтік коммуникациялар елеулі өзгерістерге ұшырап отыр, бұл дәстүрлі ілгерілету тәсілдерін қайта қарастыру қажеттілігін туындатады. Қазіргі тұтынушы брендпен бірнеше онлайн және офлайн арналар арқылы өзара әрекеттеседі және коммуникациялық хабарламалардың бірізділігі мен тұтастығын күтеді. Зерттеудің мақсаты – дәстүрлі және цифрлық маркетингтік коммуникацияларды интеграциялау қажеттілігін негіздеу және олардың үйлесімді қолданылуын қамтамасыз ететін негізгі механизмдерді анықтау. Жұмыста интеграцияланған маркетингтік коммуникациялар тұжырымдамасына қатысты негізгі теориялық тәсілдер қарастырылып, дәстүрлі және цифрлық ілгерілету құралдарының функционалдық айырмашылықтары талданады, сондай-ақ оларды интеграциялау механизмдері жүйеленеді. Зерттеудің ғылыми маңыздылығы цифрлық трансформация жағдайында коммуникацияларды интеграциялаудың рөлін теориялық тұрғыдан кеңейтумен сипатталады. Практикалық маңыздылығы алынған нәтижелерді брендтердің коммуникациялық стратегияларын әзірлеуде және медиажоспарлау үдерісінде қолдану мүмкіндігімен анықталады.
Мақалада Қазақстан Республикасында қоғамдық сананы жаңғыртуға бағдарланған мемлекеттік мәдени саясатты қолдау мен азаматтардың сыни санасының өзара байланысы талданады. Эмпирикалық негіз ретінде ересек халық арасында жүргізілген авторлық сауалнама деректері (N = 188) алынды. Регрессиялық талдау көмегімен жыныс, жас, білім деңгейі, тұрғылықты жер типі және жұмыспен қамтылу түрі бақылана отырып, сыни сананың тазартылған индексі (CC_clean), мәдени саладағы модернизациялық жобаларды қолдау және мәдени саясатты жаңғырту факторы ретінде қабылдау арасындағы байланыстар бағаланады. Нәтижелердің тұрақтылығын тексеру және предиктор мен тәуелді айнымалылар арасындағы ықтимал мазмұндық қабаттасу жөніндегі ескертуге жауап беру мақсатында мәдени саясаттың өзін бағалауға қатысы жоқ тармақтарды ғана қамтитын сыни сананың тазартылған индексі қалыптастырылды. Нәтижелер сыни сананың модернизациялық бастамаларды қолдаумен және мәдени саясаттың жаңғыртушылық рөлін оң бағалаумен байланысы сызықтық та, реттік модельдерде де сақталатынын және әлеуметтік-демографиялық құрамдағы айырмашылықтарға ғана тірелмейтінін көрсетеді. Халықпен жұмыс істеудің трансляциялық моделінен диалогтік моделіне көшуге, азаматтардың мәдени өмірге белсенді қатысу форматтарын дамытуға, әлеуметтік теңсіздік пен азаматтық жауапкершілік тақырыптарын мәдени бағдарламаларға ықпалдастыруға, сондай-ақ мәдени саясат тиімділігін мониторингтеу жүйесінде сыни сананы өлшеуді институционалдандыруға бағытталған мәдени саясатты жетілдіру жөніндегі ұсынымдар беріледі.
Қазіргі мемлекеттік басқару жағдайында әлеуметтік саланы цифрландыру қоғамдық құндылық тұрғысынан қарастырылатын негізгі трансформациялық бағыттардың біріне айналуда. Әлеуметтік қызметтерге цифрлық технологияларды енгізу үдерісі күшейген сайын, олардың қоғамдық құндылықты қалыптастырудағы рөлі ерекше өзектілікке ие болуда. Осы зерттеу құндылықтарға бағдарланған тәсіл мен әлеуметтік саланы цифрландыру арасындағы өзара байланысты талдауға бағытталған. Зерттеудің мақсаты екі құрамдас бөліктен тұрады: біріншіден, 2012–2026 жж. аралығында әлеуметтік саланы цифрландыруды қазіргі мемлекеттік басқарудағы қоғамдық құндылық ретінде кешенді библиометриялық талдау; екіншіден, PRISMA әдіснамасын Big Data құралдарымен, соның ішінде Scopus және OpenAlex деректер базаларымен үйлестіре отырып апробациялау және жетілдіру. Зерттеу аясында жарияланым белсенділігінің динамикасы, ғылыми кеңістіктің географиялық және институционалдық құрылымы, сондай-ақ негізгі тақырыптық кластерлер мен теориялық доминанттар анықталады. Зерттеудің ғылыми маңыздылығы мемлекеттік басқару, цифрлық экономика және әлеуметтік саясатты біріктіретін қалыптасып келе жатқан пәнаралық бағытты жүйелеу мен картографиялауда көрінеді. Алынған нәтижелер халықаралық ынтымақтастықтың жоғары деңгейімен және тақырыптық әртүрлілігімен сипатталатын жаһандық полицентрлі ғылыми кеңістіктің қалыптасуын растайды. Зерттеудің құндылығы PRISMA сүзгілеуін, API арқылы деректерді алуды және библиометриялық визуализацияны біріктіретін әмбебап әдіснамалық тәсілді ұсынуында, бұл ғылыми шолулардың қайта өндірілуін және талдау тереңдігін арттырады. Практикалық маңызы зерттеу нәтижелерін ғалымдар мен мемлекеттік органдардың жаһандық ғылыми трендтерді талдауда, дәлелді басқарушылық шешімдер әзірлеуде және түрлі ғылыми салаларда заманауи библиометриялық әдістерді қолдануда пайдалану мүмкіндігімен айқындалады.
Қазақстан Республикасы өз алдына 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу және
«жасыл» экономикаға көшу мақсаттарын қойып отыр. Бұл зерттеудің мақсаты – Қазақстан Республикасындағы көміртегі сыйымдылығына энергия сыйымдылығының, жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудың және шығарындылар саудасының жүйесін іске қосудың әсерін зерттеу. Осы мақсатта 1992–2022 жж. аралығындағы деректер және авторегрессиялық үлестірілген лагтар әдісі қолданылды. Зерттеудің ғылыми және практикалық үлесі эконометрикалық модельге көміртегі сыйымдылығын тәуелді айнымалы ретінде және шығарындылар саудасы жүйесінің жұмысын айқындайтын сапалы (фиктивті) айнымалыны енгізуде жатыр. Зерттеу нәтижелері пайдаланылған айнымалылар арасында ұзақ мерзімді байланыс бар екенін көрсетті. Бұл ретте көміртегі сыйымдылығының негізгі қозғаушы факторы энергия сыйымдылығы екені айқындалды, ал жаңартылатын энергия көздерінің әсері статистикалық тұрғыдан расталмады. Модель нәтижелерінің дұрыстығы оған жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім айнымалысын қосу арқылы тексерілді. Зерттеу нәтижелері ұлттық экономиканың көміртегі сыйымдылығын төмендетуде шығарындылар саудасының жүйесін жетілдіру мен энергия тиімділігін арттырудың маңыздылығын көрсетеді.
Жаһандық климаттық күн тәртібінің қалыптасуы мен тұрақты даму тұжырымдамасының кеңінен таралуы жағдайында ESG (Environmental, Social, Governance – қоршаған орта, әлеуметтік жауапкершілік, корпоративтік басқару) қағидаттары халықаралық инвестициялық шешімдердің орталық өлшемшарттарына айналуда. Зерттеудің мақсаты – ЕО, АҚШ және Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінде қалыптасқан ESG реттеу модельдерін жүйелі талдау, олардың тиімділік критерийлерін анықтау және Қазақстанға қолданылатын гибридтік реттеу моделін ұсыну болып табылады. Зерттеудің негізгі бағыттары: міндетті және ерікті ашықтылық стандарттарын салыстырмалы талдау; SFDR, CSRD, EU Taxonomy, ISSB S1/S2 стандарттарының мазмұны мен тиімділігін зерделеу; жетекші корпорациялардың (Ørsted, DBS Bank) ESG тәжірибесін кейс-стади ретінде қарастыру; Қазақстанның ESG реттеу ортасын SWOT-талдау негізінде бағалау. Зерттеудің ғылыми маңыздылығы – аймақтық ерекшеліктерді ескере отырып, ESG реттеу модельдерінің
«мандаттық кеңістік – институционалдық мүмкіндіктер» матрицасы арқылы жаңа типологиясын жасақтауда. Регрессиялық талдау ESG реттеу міндеттілігі мен компания тиімділігі арасындағы оң байланысты (β=0,42, p<0,01) растады; институционалдық мүмкіндіктер деңгейі осы байланысты күшейтетін модераторлық фактор болып табылады. Практикалық маңыздылығы – АХҚО, ҚНРДА және ірі компаниялар үшін 2024–2031 жж. кезеңіне арналған гибридтік реттеу моделін кезеңдік енгізу жол картасын ұсынуда. Зерттеу нәтижелері жасыл қаржыны дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге нақты үлес қосады.
Мақалада 2019–2025 жж. Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасынан импортының құрылымы талданады. Зерттеудің мақсаты – импорт ағындарындағы негізгі құрылымдық өзгерістерді анықтау және олардың шоғырлану деңгейін бағалау. Негізгі назар импорттың тауарлық және салалық құрылымына, сондай-ақ сыртқы жеткізілімдерге тәуелділіктің күшеюімен байланысты экономикалық тәуекелдердің қалыптасуына аударылған. Зерттеудің эмпирикалық базасын Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының деректері және UN Comtrade халықаралық базасының материалдары құрайды. Жұмыста құрылымдық, салыстырмалыжәнекоэффициенттікталдауәдістеріқолданылды. Шоғырланудысандықбағалау үшін импорт ағындарының шектеулі тауар топтарында шоғырлану деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін Херфиндал–Хиршман индексі (HHI) пайдаланылды. Зерттеу нәтижелері Қазақстанның Қытайдан импорты тұрақты өсумен қатар құрылымдық өзгерістерге ұшырағанын көрсетті. Машиналар мен жабдықтардың, көлік құралдарының және басқа да технологиялық маңызды санаттардың үлесі артқаны анықталды. Сонымен қатар дәстүрлі тұтыну тауарларының үлесінің төмендеуі байқалады. Импорт ағындарының өсуі олардың шоғырлануының күшеюімен қатар жүретіні анықталды. Бұл HHI индексінің өсуімен және импорт құрылымының жоғары шоғырлану деңгейіне өтуімен расталады. Зерттеудің ғылыми жаңалығы импорт құрылымының трансформациясы мен экономикалық тәуекелдердің қалыптасуы арасындағы өзара байланысты негіздеуде көрінеді. Импорт ағындарының шоғырлануын сыртқы экономикалық осалдықтың индикаторы ретінде түсіндіру тәсілі ұсынылған. Практикалық маңыздылығы алынған нәтижелерді импортты әртараптандыру, бір сауда серіктесіне тәуелділікті азайту және тұрақты сыртқы экономикалық саясатты қалыптастыру шараларын әзірлеуде қолдану мүмкіндігімен анықталады. Нәтижелер сыртқы сауда тәуекелдерін бағалау барысында аналитикалық және басқарушылық тәжірибеде пайдаланылуы мүмкін.
Қазіргі энергетикалық жүйелер тарифтік саясаттың тиімділігі мен әлеуметтік әділдігі арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету міндетімен бетпе-бет келуде. Осы зерттеу Алматы қаласы мысалында үй шаруашылықтарының уақыттық тарифтерге көшуге бейімделуінің экономикалық және мінез-құлықтық факторларын анықтауға бағытталды. Зерттеудің мақсаты – тұтынушылардың тәуліктік сараланған тарифтерге көшу ниетіне әсер ететін негізгі детерминанттарды эмпирикалық тұрғыда талдау. Теориялық негіз ретінде мінез-құлықтық экономика қағидаттары қолданылып, деректер PLS-SEM құрылымдық моделінде өңделді. 388 респондент қатысқан сауалнама нәтижелері технологиялық дайындық, тарифтік әділдік және институционалдық сенім факторларының шешуші рөл атқаратынын көрсетті. Тәуекелден қашу факторы жаңа тарифтерге бейімделуді тежейтінін дәлелдеді. Экологиялық сана айнымалысы статистикалық тұрғыда маңызсыз болғандықтан модельден алынды. Зерттеу нәтижелері Қазақстан жағдайында уақыттық тарифтерді енгізу саясатын жетілдіру үшін технологиялық бейімділік пен әділдік қағидаттарын күшейтудің, сондай-ақ тұтынушылар сенімін арттырудың маңызын дәлелдейді.
Зерттеу кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін талдауды ұсынады, көп критерийлі оңтайландыру әдістерінжәнеэкономикалық-математикалықмодельдеудіпайдаланаотырып. Бағадинамикасынескеруүшін 2012– 2025 жж. инфляция деректері кумулятивті инфляция коэффициенттерін есептеу және тарихи баға трендтерін қалпына келтіру үшін пайдаланылды. Бәсекеге қабілеттілік баға және бағасыз факторларды агрегациялайтын интегралдық көрсеткіш арқылы бағаланды, оның ішінде баға саясаты, қызметтердің ассортименті мен сапасы, жеңілдік жүйелері, келу жиілігі және бренд имиджі, бұл кәсіпорындарды объективті салыстыруға мүмкіндік береді. 2026–2030 жж. кіріс болжамдауы ARIMA моделі арқылы жүргізілді, ол өзгеретін нарықтық жағдайларда орта мерзімді даму трендтерін анықтауға мүмкіндік береді. Нәтижелер төмен бағалардың тек қысқа мерзімді бәсекелестік артықшылық береді екенін көрсетеді, ал тұрақты нарықтық лидерлік көптеген бәсекеге қабілеттілік параметрлерінің теңгерімді дамуы арқылы қол жеткізіледі. Ұсынылған оңтайландыру моделі баға шекараларын қамтиды, ол баға стратегияларының ұзақ мерзімді пайдалылық және операциялық тұрақтылыққа қатысты орындылығын бағалауға мүмкіндік береді. Зерттеудің практикалық маңызы кәсіпорындардың күшті және әлсіз жақтарын анықтау және стратегиялық жоспарлауда қолдануға болатын интегралдық бәсекеге қабілеттілік индексін құруда жатыр. Модель әмбебап және критерийлер жиынтығын және олардың салмақтарын реттеу арқылы әртүрлі салаларға бейімделе алады, осылайша ресурстарды тиімді пайдалануды, нарықтық позицияларды нығайтуды және инвестициялық тартымдылықты арттыруды қолдайды.
Қазіргі жаһандану мен цифрлық трансформация жағдайында персоналды басқару жүйелері ұйымның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін стратегиялық ресурсқа айналды. Бұл зерттеу Қазақстан Республикасы ұйымдарындағы персоналды басқару (HR) жүйелерінің трансформациялық процестерін жанжақты талдауға арналған. Зерттеудің мақсаты – тәуелсіздік алғаннан бері өткен кезеңдегі HR-жүйелерінің эволюциясын кезеңдеу, цифрлық дамудың жағдайындағы негізгі қиындықтарды анықтау және ұйымдық HRM трансформациясы үшін стратегиялық мүмкіндіктерді бағалау болып табылады. Зерттеудің ғылыми маңыздылығы пост-кеңестік контексте HR-трансформацияны теориялық тұрғыдан кешенді зерттеудің жоқтығымен анықталады. Ғылыми жаңалығы Қазақстан HR-жүйелері трансформациясының авторлық төрт кезеңді кезеңдеуін және пост-кеңестік экономикаларға бейімделген HR цифрлық жетілу индексін (DHRMI) есептеу әдістемесін жасауда. 78 қазақстандық ұйым бойынша People Analytics деңгейі мен персоналды ұстап қалу арасындағы маңызды байланыс эмпирикалық тұрғыдан расталды (r=0,67; p<0,01). Жұмыстың практикалық құндылығы – HR-жүйелерді цифрландыру деңгейін бағалайтын индикаторлар жиынтығын, сондай-ақ орта және ірі бизнес ұйымдарына арналған стратегиялық ұсыныстар пакетін жасаудан тұрады. HR-цифрландырудың жол карталары, HR мамандарын People Analytics бағытында upskilling бағдарламалары, сондай-ақ салықтық ынталандыру мен цифрлық платформалар (eHRMS) арқылы шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау механизмдері ұсынылады. Зерттеу нәтижелерін мемлекеттік органдар, бизнес-одақтар және жеке компаниялардың HR-қызметтері пайдалана алады. Жалпы алғанда, зерттеу Қазақстан ұйымдарының HRM жүйелерін жаңғырту траекториясын анықтауға және ғылыми-практикалық ұсыныстар дайындауға ықпал етеді.
Зерттеудің мақсаты-білім экономикасы жағдайында адами капитал мен таланттарды басқару арасындағы байланысты талдау, сонымен қатар еңбек әлеуетін тиімді пайдалануға әсер ететін факторларды анықтау. Зерттеуде экономикалық және статистикалық талдау, халықаралық тәжірибені салыстырмалы талдау және еңбек нарығының көрсеткіштерін корреляциялық модельдеу әдістері қолданылады. Зерттеудің ғылыми жаңалығы білім экономикасындағы Қазақстанның кадрлық базасының жай-күйі мен динамикасын сандық түрде анықтайтын адами капиталдың интегралды индексін әзірлеу мен сынақтан өткізуде жатыр. Бұл тәсіл таланттарды басқаруды кадрлық тәжірибенің жиынтығы ретінде ғана емес, сонымен бірге ұлттық экономиканың тұрақтылығына әсер ететін мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясаттың маңызды элементі ретінде қарастырады. Талдау көрсеткендей, цифрландыру және еңбек нарығын тұрақтандыру процестері орта мерзімді перспективада адами капиталдың өсуіне ықпал етеді. Сонымен қатар, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын шығындардың жеткіліксіздігі инновацияға негізделген білім экономикасына көшудің негізгі кедергісі болып қала береді. Болжалды модельдеу цифрлық құзыреттіліктерді одан әрі дамыту және таланттарды басқару жүйелерін институционалдық нығайту контекстінде интегралдық көрсеткіштің оң динамикасының жалғасуын растайды. Алынған нәтижелер таланттарды басқару білім экономикасындағы адами капиталды дамытудың стратегиялық құралы екенін растайды. Білім беру саясатының, еңбек нарығын реттеудің және корпоративтік персоналды басқару тәжірибесінің интеграциясы тұрақты экономикалық өсудің және ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттіліктің алғышарты болып табылады.
Бұл зерттеу Ақмола облысындағы шағын және орта кәсіпкерлік (ШОК) субъектілерінің мемлекеттік қолдау шараларын қалай қабылдайтынын талдауға және бизнестің дамуына, оның ішінде әлеуметтік кәсіпкерлік секторына кедергі келтіретін жүйелік тосқауылдарды анықтауға арналған. Зерттеудің әдіснамалық негізі әртүрлі бизнес нысандары өкілдерінің қатысуымен өткізілген фокус-топтық пікірталастарға сүйенеді, бұл кәсіпкерлердің субъективті бағаларын терең түсінуге, негізгі проблемалық аймақтарды айқындауға және мемлекеттікқолдауқұралдарыменөзараіс-қимылтәжірибесінталдауғамүмкіндікберді. Деректертақырыптық талдау әдісі арқылы өңделіп, әкімшілік кедергілерді, несиелік ресурстарға қолжетімділіктің шектеулігін, гранттық қаржыландыру мәселелерін, инфрақұрылымдық шектеулерді және әлеуметтік кәсіпкерлікке тән қиындықтарды қамтитын тоғыз негізгі проблемалық бағыт анықталды. Зерттеу нәтижелері ШОК субъектілерінің саны жөніндегі ресми статистиканың олардың нақты экономикалық тұрақтылығын әрдайым көрсете бермейтінін, ал институционалдық қолдау тетіктерінің көбіне формалды және жеткіліксіз қолжетімді ретінде қабылданатынын көрсетеді. Әсіресе, әлеуметтік кәсіпкерлер ресми мәртебе алудың маңыздылығын жоғары бағалай отырып, бюрократиялық рәсімдердің күрделілігін және қолданыстағы өлшемдердің шектеулі қолданылуын атап өтеді. Зерттеудің ғылыми құндылығы ШОК пен әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік ерекшеліктерін сапалық тұрғыда талдауында көрінеді. Алынған нәтижелер өңірлік кәсіпкерлікті қолдау саясатын жетілдіруге, мемлекеттік қолдау құралдарының ашықтығын, қолжетімділігін және икемділігін арттыруға, сондай-ақ микробизнес пен ауылдық аумақтардың қажеттіліктеріне бейімделген шешімдерді әзірлеуге практикалық негіз бола алады.
Қазіргі әлемдік экономика тұрақсыздық жағдайында дамуда. Сыртқы шоктардың ықпалы күшейіп, бұл өңірлердің экономикалық резилиенттілігін зерттеудің маңыздылығын арттырады. Қазақстан үшін бұл мәселе ерекше өзекті, себебі елде экономикасы бір салаға тәуелді моноқалалар бар. Мұндай қалалар сыртқы өзгерістерге өте сезімтал келеді, сондықтан олардың тұрақтылығына әсер ететін факторларды анықтау маңызды болып табылады. Зерттеудің мақсаты – Қазақстан моноқалаларының экономикалық резилиенттілігінің негізгі факторларын анықтау. Зерттеу 2019–2025 жылдарға арналған ресми статистикалық деректерге негізделген. Талдауға Жезқазған, Теміртау және Риддер қалалары енгізілді. Жұмыста корреляциялық және регрессиялық талдау әдістері қолданылды. Бұл әдістер әлеуметтік-экономикалық факторлардың инвестициялық белсенділікке әсерін бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар факторлар арасындағы өзара байланыстардың бағыты мен күші анықталды. Зерттеу нәтижелері инвестициялар мен жалақы деңгейі арасында тұрақты оң байланыс бар екенін көрсетті. Жалақының өсуі инвестициялық белсенділіктің артуымен қатар жүреді. Сонымен бірге жұмыссыздық деңгейімен кері байланыс анықталды. Жұмыспен қамтудың әсері әлсіз екені байқалды, бұл оның инвестициялық процестердегі рөлінің шектеулі екенін көрсетеді. Факторлардың әсер ету деңгейі қалалар бойынша әртүрлі екені анықталды, бұл олардың экономикалық құрылымының ерекшеліктерімен және даму деңгейімен байланысты. Зерттеудің ғылыми жаңалығы – экономикалық резилиенттілікті қала деңгейінде сандық әдістер арқылы бағалау. Практикалық маңызы – алынған нәтижелерді аймақтық саясатта қолдану мүмкіндігі.
МЖӘ-ны Қазақстан экономикасының тұрақты дамуының факторы ретінде зерттеу елдің өзекті мәселелерін шешудің озық тәжірибесін анықтауға және оның одан әрі өсуін қамтамасыз етудің тиімді тетіктерін қалыптастыруға көмектесетін маңызды және кезек күттірмейтін міндет болып табылады. Мақаланың мақсаты – МЖӘ қолдану арқылы ел ішінде ТМД мақсаттарына қол жеткізу арасындағы байланысты орнату, МЖӘ құралдарының тұрақты дамуға әсер етуінің әлемдік тәжірибесін талдау, МЖӘ тиімділігін бағалау құралдары мен әдістерін бөліп көрсету, МЖӘ тиімділігін бағалаудың құралдары мен әдістерін бөліп көрсету арқылы МЖӘ елдің тұрақты дамуына ықпалын негіздеу, Қазақстанның тұрақты дамуын одан әрі дамыту үшін Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Зерттеудің ғылыми маңыздылығы тұрақты дамудың маңызды факторы ретінде МЖӘ пайдаланудың негізгі әсерлерін (экономикалық әсер, әлеуметтік әсер, қоршаған ортаға әсер, институционалдық әсер) және олардың сипаттамаларын бөліп көрсетуде, экономикалық жүйе ретінде елдің тұрақты дамуында МЖӘ қолдану тиімділігін бағалаудың неғұрлым ақпараттық құралдарын анықтауда (негізгі тиімділік көрсеткіштерін (сараптамалық талдау) анықтауда және одан әрі талдаулар). БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуде МЖӘ пайдалану перспективалары Қазақстан. Зерттеудің практикалық маңыздылығы МЖӘ тиімділігін бағалаудың ұсынылған құралдарын пайдалану мүмкіндігінде, сондай-ақ елдің саясатын дамытудың перспективалық бағыттарында, мемлекеттік маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге жеке секторды тартуда. Осы мақалада келтірілген мысалдар МЖӘ маңызды әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешу үшін үкімет пен жеке сектордың ресурстары мен тәжірибесін біріктіру арқылы экономикалық тиімділік пен тұрақты дамуға қалай ықпал ететінін көрсетеді. МЖӘ Қазақстанның одан әрі тұрақты дамуын қамтамасыз етуде, әсіресе инфрақұрылым, білім беру, денсаулық сақтау және қоршаған ортаны қорғау салаларында орасан зор әлеуетке ие екені анықталды. Жүргізілген зерттеулер ұлттық экономиканың тұрақты өсуін ескере отырып, елдің дамуын жеделдету үшін МЖӘ құралдарын зерделеу және қолдану теориясы мен тәжірибесіне құнды үлес қосады.
Мақалада тұрақты даму жағдайында мемлекеттік органдардағы жобаларды басқару механизмдерінің теориялық эволюциясы мен қазіргі концептуалдық модельдері талданады. Зерттеудің өзектілігі мемлекеттік сектордағы жобалардың көпдеңгейлі мүдделі тараптармен, жоғары есептілікпен және институционалдық шектеулермен сипатталуымен, сондай-ақ тұрақты даму талаптарының күшеюімен негізделеді. Зерттеудің мақсаты – жобаларды басқарудың классикалық және заманауи теориялық бағыттарын жүйелеу, мемлекеттік сектор контекстінде олардың ерекшеліктерін айқындау және тұрақты даму қағидаларын ескеретін интеграцияланған тұжырымдамалық модель ұсыну. Зерттеу теориялық-аналитикалық сипатта жүргізіліп, жүйеліәдебиеттергешолу, библиометриялықталдау, салыстырмалыталдаужәнеконцептуалдықсинтезәдістері қолданылды. Scopus және Web of Science дерекқорларындағы жарияланымдар негізінде жобалық басқаруда governance және тұрақты даму тақырыптарының ғылыми дискурстағы орны талданды. Зерттеу нәтижесінде жобаларды басқару механизмдерінің эволюциялық кезеңдері айқындалып, мемлекеттік сектордағы жобалық басқарудың тұрақты даму тұрғысынан типологиясы ұсынылды. Сонымен қатар project governance, институционалдық теория және Triple Bottom Line қағидаларын біріктіретін авторлық концептуалдық модель қалыптастырылды. Зерттеу нәтижелері мемлекеттік органдарда жобалық басқаруды қоғамдық құндылық пен ұзақ мерзімді тұрақты дамуды қамтамасыз ететін басқару жүйесі ретінде қарастырудың теориялық және практикалық маңызын көрсетеді. Алынған нәтижелер мемлекеттік органдарда жобалық басқаруды тек ішкі процестерді реттейтін құрал ғана емес, сонымен қатар қоғамдық құндылықтарды арттыратын, ұзақ мерзімді тұрақты дамуды қамтамасыз ететін кешенді басқару жүйесі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Бұл мемлекеттік органдарға жобаларды стратегиялық деңгейде жоспарлауға, ресурстарды тиімді бөлуге және тұрақты даму мақсаттарына сәйкес нәтижелерге қол жеткізуге жол ашады.
БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ ОҚЫТУ: ӘДІСТЕМЕ, ТЕОРИЯ, ТЕХНОЛОГИЯ
Жаһандану және білім берудің цифрлық трансформациясы жағдайында университеттер өздерінің стратегиялық даму тұжырымдамаларын жаңартуды талап ететін күрделі сын-қатерлерге тап болуда. Білім беру нарығындағы бәсекелестіктің өсуі, академиялық мобильность пен халықаралық ынтымақтастықтың кеңеюі, цифрлық технологиялардың білім беру процестеріне енуі – мұның барлығы университеттердің стратегиялық менеджментін сапалы жаңа деңгейге көтеруді қажет етеді. Зерттеудің мақсаты – университеттердің даму стратегиясын қалыптастырудың әдіснамалық негіздерін айқындау және тиімділікті бағалаудың кешенді жүйесін жасақтау болып табылады. Жұмыстың негізгі бағыттары: ресурстық теория, мүдделі тараптар теориясы және «үштік спираль» тұжырымдамасы тұрғысынан стратегиялық жоспарлаудың теориялық негіздерін жүйелеу; QS, THE және ARWU халықаралық рейтингтік жүйелеріндегі критерийлерді салыстырмалы талдау; жоғары оқу орындарына арнайы тиімділік бағалаудың интегралды моделін жасақтау. Зерттеудің ғылыми маңыздылығы – стратегия тиімділігін бағалаудың кешенді моделін ұсыну, ол академиялық, ұйымдастырушылық, әлеуметтік және инновациялық өлшемдерді біріктіреді. Ұсынылатын интегралдық стратегиялық тиімділік индексі (ИСТИ) төрт өлшемді нормаланған көрсеткіштердің салмақталған орташасы ретінде есептеледі. Зерттеудің практикалық маңыздылығы: ұсынылған критерийлер мен көрсеткіштер жүйесі мемлекеттік университеттердің стратегиялық дамуын жоспарлауда тікелей қолданылуы мүмкін. Зерттеу нәтижелері жоғары білім берудегі стратегиялық менеджмент саласына маңызды үлес қосады. Практикалық нәтижелер: 12 қазақстандық университетте апробацияланған BSC моделі және үш деңгейлі мониторинг жүйесі.
ISSN 2959-1236 (Online)














