ЭКОНОМИКА: ТАРИХ, ТЕОРИЯ, ПРАКТИКА
Мақаланың тақырыбы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету елдер мен аймақтардың экономикалық жағдайына әсер ететіндігіне байланысты өзекті болып табылады, сондықтан бұл мәселені шешу маңызды және басымдыққа ие. Ол үшін бірінші кезекте аграрлық секторды дамыту қажет. Зерттеуді жүргізудегі негізгі мақсат елдегі экономиканың аграрлық секторының қазіргі жай-күйін зерделеу, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі мәселелері мен перспективаларын көрсету болды. Осы мақсатқа жету үшін міндеттер қойылды, олардың негізгілері: 2017–2021 жж. арналған азық-түлік қауіпсіздігінің құрамдас бөліктерінің бірі ретінде Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі, оның ішінде Қазақстанда аграрлық сектордың ағымдағы жағдайының көрінісі; зерттеулер негізінде ауыл шаруашылығы өндірісінің өсуінің және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің оңтайлы нұсқаларын іздеу. Зерттеу жұмысын жүргізу кезінде әртүрлі әдістер қолданылды, олардың негізгілері абстракция, дедукция және индукция әдісі, көрсеткіштерді статистикалық талдау, логикалық ойлау, болжау. Ғылыми зерттеудің зерттеу материалдарын Еуразиялық экономикалық одақтың, Қазақстан Республикасы Статистика департаментінің 2017–2021 жж. статистикалық деректері құрайды. Зерттеу нәтижелерін экономикалық жағдайды дамыту бағдарламаларын жалпы ел бойынша да, жекелеген аймақтар бойынша да әзірлеуде пайдалануға болады.
Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың тиімділігін қамтамасыз ету мәселелері ерекше маңызды, өйткені олар елдің азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне тікелей әсер етеді. Қазақстанда мемлекеттік реттеудің түрлі шаралары қолданылады, бірақ олардың көлемі саланың тиімді жұмыс істеуі үшін жеткіліксіз. Белсенді мемлекеттік қолдау, тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды және аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге қабілетті. Шығыс Қазақстан облысының экономикалық қызметті жүргізуді қиындататын континенталды климатын ескерсек, өңірдің аграрлық секторы үшін мемлекетті қолдау ерекше маңызды болып табылады. Мақалада ШҚО аграрлық секторын мемлекеттік қолдау деңгейін талдау және бағалау ұсынылған. Ғылыми мақаланың мақсаты – мемлекеттік қолдауды жүзеге асырудағы негізгі мәселелерді және оларды шешу жолдарын анықтау. Зерттеу нысаны ретінде ауыл шаруашылығын басқарудың өңірлік органдарының қызметі, ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының есептерінің деректері қаралды. Өңірдің АӨК дамытудың 2017–2021 жж. мемлекеттік бағдарламаны орындаудың нысаналы индикаторларын бағалау негізінде аграрлық секторды қолдаудың мемлекеттік шараларын іске асырудың тиімділігіне талдау жүргізілді. Нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысының АӨК-нің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға кедергі келтіретін негізгі мәселелер мен себептер анықталды. Мәселен, ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау саласында сезімталдықтың төмендігінен кейбір субсидиялардың тиімсіздігін ерекше атап өтуге болады; барлық ауыл шаруашылық өнімдердің 30%-дан азын құрайтын ірі ауыл шаруашылық құрылымдарға артықшылық беретін субсидиялардың теңгерілмеген жүйесі; шағын ауылшаруашылық құрылымдарын субсидиялауға қойылатын шектен тыс талаптар саланың дамуына кедергі келтіреді; мал шаруашылығы саласын қаржыландыруға көңіл бөлу; мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асырудағы қалдықтық қағидасы.
Соңғы жылдары Қазақстанда, сондай-ақ бүкіл әлемде органикалық ауыл шаруашылығын дамытуға қызығушылық айтарлықтай артты, бұл жоғары табысты ауыл шаруашылығы өндірісін құруға және АӨК- де экономикалық өсу сапасын арттыруға ықпал етеді. Мақала Қазақстандағы органикалық егіншілікпен айналысатын ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының экономикалық тиімділігін бағалауға бағытталған. Органикалық фермалардың өміршеңдігін және олардың тұрақты ауыл шаруашылығы мен қоршаған ортаға қосқан үлесін талдау мүмкіндігі беріледі. Мақаланың мақсаттарының бірі – соңғы органикалық ауылшаруашылық деректерінің базалары және олардың құрылымы жоғарыда көрсетілген мақсаттарға қол жеткізудегі ықпалын талдау. Экономикалық тиімділікті жан-жақты бағалау үшін алдымен өндірістік базаға (меншікті капитал, активтер, пассивтер) талдау жасалды. Пайда көрсеткіші пайданың әртүрлі түрлерін және таңдалған қаржылық коэффициенттерді бақылауда пайдаланылды. Органикалық шаруашылықтар туралы деректер 2009 жылдан алынған. Бастапқы деректер органикалық егіншілікпен айналысатын шаруашылықтардың материалдары негізінде алынды. Салыстыру үшін шаруашылықтардың деректер базасы да, Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ұлттық статистика бюросының жыл сайынғы статистикалық шолулары да пайдаланылды. Жинақталған тәжірибе мен жаңа технологияларды ескере отырып, қаңырап бос жатқан жерлердің бір бөлігін қауіпсіз экологиялық деңгейде егістік алқаптарға айналдыруға болады. Құнарлылығы жоғары жерлерді органикалық егіншілікке пайдалануға болады. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының экономикалық және қаржылық жағдайын бағалау үшін келесі қаржылық коэффициенттер қабылданды: активтер рентабельділігі, меншікті капиталдың табыстылығы, өтімділік, қарыз, пайыздық өтелу және активтердің жалпы айналымы.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы үшін тұрғын үй қолжетімділігі мен ел азаматтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету бірінші кезектегі мәселелердің біріне айналып отыр. Бұл ретте, экономикалық жағдайдың тұрақсыздығы кезінде ел азаматтарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында мемлекет қабылдап жатқан іс-әрекеттерді тиімді іске асыруды тиісті деңгейде қамтамасыз ету қажеттігі туындайды. Зерттеудің мақсаты Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй нарығының жай-күйін талдау арқылы оның қолжетімділік деңгейіне әсер ететін факторларды анықтау болып табылады. ҚР қолжетімді тұрғын үй нарығының қазіргі жай-күйін бағалау, оның БҰҰ стандартына сәйкес келмеуі және құрылыс материалдары нарығының жетілмегендігі сияқты тұрғын үй қорының мәселелерін анықтап, нарықтың әлі толық дамымағанын, жаңа өзгерістерге өте сезімтал және одан әрі дамуды қажет ететінін көрсетті. ҚР тұрғын үй нарығының дамуын бағалауда математикалық моделі баспана бағасына ең үлкен дәрежеде әсер ететін фактор – үй шаруашылықтарының орташа айлық табысы екенін көрсетті және үй шаруашылықтарының орташа жалақысының 1 мың теңгеге өсуі, баспана бағасының, орта есеппен 984 теңгеге өсуіне әкелетіні анықталды, бұл өз кезегінде осы нарықтағы сұранысты қолдаудан қарағанда ұсыныс көлемін арттыру қажет екенін көрсетті. Зерттеліп отырған жағдайда Y жалпы өзгергіштігінің 96,94%-ы Х факторларының өзгеруімен түсіндірілетіндігі анықталды. Зерттеу әдістемесі тұрғын үй нарығындағы бағаға, сұраныс пен ұсынысқа әсер ететін факторларды талдау мен ел азаматтары үшін баспананың қаншалықты қолжетімді екендігін көрсететін HPI сияқты көрсеткіштерді бағалауды және сапалық көрсеткіш – тұрғын үймен қамтамасыз ету коэффициентін қамтиды.
Мақалада инфрақұрылымдық секторлардың ауыл шаруашылығы өнімдері мен шикізатын өндіру процесіне тікелей қызмет ететіндер және ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындауды, тасымалдауды және сақтауды қамтамасыз ететін салалар мен ұйымдар сияқты топтары анықталған. Инфрақұрылым салаларын зерттеу, олардың ауылдың даму деңгейіне әсері мен ұлттық экономиканың нығаюындағы маңызын анықтады. Авторлар өңделген жердің өнімділігін арттыруға бағытталған шаралар кешенін бағалайды.Агрохимиялық мәселелермен қатар еліміздің ауыл шаруашылығын тұщы сумен қамтамасыз ету, ауылшаруашылық өнімдерін өткізу үшін инфрақұрылымға қажеттілікті арттыру, өнеркәсіптік контейнерлердің жетіспеушілігі, азық-түлік өнімдерін сақтайтын сыйымдылықтың жоқтығы, сауда және логистикалық жүйелердің дамымауы, көлік санының жеткіліксіздігі және логистикалық орталықтар, ауыл шаруашылығы салаларын көліктік қолдау, жолдардың нашарлауы сияқты өткір мәселелер туындауда. Бұл мәселелерді шешу жолдарының бірі ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу инфрақұрылымын жақсарту және ауыл шаруашылығы шикізатының көздері жоғары шоғырланған республиканың барлық ауылдық елді мекендерінде және шалғай аудандарда сатып алу пункттерінің кең желісін құру болды. Мақалада ауыл шаруашылығы салаларын дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру шаралары да қарастырылған. Атап айтқанда, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуды қолдау және ынталандыру, АӨК субъектілерін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, қаржылық оның құрамына кіретін ұйымдар, несиелік бағдарламалар, олардың жалпы инфрақұрылым мен ауыл шаруашылығын дамытудағы перспективалық мүмкіндіктері жан-жақты зерттеледі.
Бұл зерттеудің негізгі мақсаты – Орталық Азияның бес еліне: Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанға тікелей шетелдік инвестиция ТШИ ағынын анықтайтын факторларды зерттеу. Мақалада 1995-2021 жж. аралығын қамтитын эмпирикалық талдау жасалды. Эмпирикалық талдауда динамикалық панельдік деректерді талдау әдістері қолданылды. Модель – экономикалық тұрғыдан бір-біріне жақын Орталық Азия елдеріндегі ТШИ-ға әсер етуі ықтимал бес түрлі айнымалыны пайдалану арқылы жасалды. Құрылған модель Ареллано және Бонд [1] ұсынған жалпыланған сәттер әдісімен (Generalized Moments Method-GMM) талданды. GMM бағалау әдісінің нәтижелері бойынша ТШИ-дің артта қалған құны, экономикалық өсім, нақты тиімді айырбас бағамы, макроэкономикалық тұрақтылықтың айнымалылары статистикалық тұрғыдан маңызды және тәуелді айнымалыны түсіндіреді. Екінші жағынан, инфрақұрылымның айнымалысы тікелей шетелдік инвестицияларға әсер етпейді. Зерттеуде Орталық Азияның дамушы елдері, соның ішінде Қазақстан да қарастырылады. Бұл зерттеудің нәтижелері Орталық Азия елдеріне тікелей шетелдік инвестицияларды анықтайтын факторларды түсіну үшін маңызды болып табылады. Өткен кезеңдегі инвестициялардың табысы кейінгі жылдары шетелдік инвестициялар ағынының артуына ықпал ететін болады. Орталық Азия елдерінің экономикалық өсімі ТШИ-ға әсер етудің маңызды факторы болып табылады. Жылдам дамып келе жатқан экономикалар ТШИ-ды көбірек тартады. Сондықтан Орталық Азия елдеріне ТШИ көлемін ұлғайту үшін инфляция, жеткіліксіз инфрақұрылым, валюта бағамының тұрақсыздығы сияқты макроэкономикалық мәселелерді жою арқылы инвестициялық климат құру үшін қолайлы қадамдар жасау қажет.
Қазіргі даму кезеңінде ел халқының алдында бәрі бірдей сатып ала алмайтынын байқауға болатын тұрғын үй мәселесі тұр. Сондықтан бүгінгі таңда тұрғын үйді несиелендіруді жүзеге асыруда мемлекет пен халықтың өзара әрекеттесу мәселесі ерекше өзекті болуда. Зерттеудің негізгі мақсаты – тұрғын үйді несиелендіруді жүзеге асырудағы мемлекет пен халықтың өзара әрекеттестігін талдау. Зерттеудің негізгі ғылыми және тәжірибелік маңыздылығы авторлардың қазіргі даму кезеңінде тұрғын үйді несиелендіруді жүзеге асырудағы мемлекет пен халықтың өзара әрекеттесуіне баға беруі болып табылады. Тұрғын үйді несиелендірудің жаңа түрлерін жүзеге асырудың әдіснамалық негізі тұрғын үйді несиелендірудің негізгі принциптерін, тәжірибенің осы саласындағы шетелдік тәжірибені теориялық және практикалық зерттеу және оны қазіргі оқиғаларға бейімдеу бола алады. Жұмыс шеңберінде соңғы жылдары Қазақстанда тұрғын үй несиелерін берудің өсу қарқыны едәуір өскені анықталып, оның өсуіне тұрғын үйді несиелендірудің мемлекеттік бағдарламалары мен азаматтардың артық жинақталған зейнетақы қаражатын алу арқылы ипотекасын өтеуі және тұрғын үй жағдайын жақсартуға қолдану мүмкіндігі әсер етті. Сондай-ақ, авторлар 2020–2025 жж. арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасын талдады. «7-20-25» және «Баспана Хит» тұрғын үй несиелеу бағдарламаларына ерекше назар аударылды. Зерттеу нәтижелері тұрғын үйді несиелендіруді дамытуға белгілі бір үлесін қосып, тиісті пәндер бойынша дәрістер дайындау үшін, сонымен қатар одан әрі терең зерттеулер жүргізуге негіз бола алады.
Пандемия әлемдегі елдердің экономикасына жаhандық түзетулер енгізіп, тауарларға, жұмыстарға және қызметтерге тұтынушылық сұраныстың төмендеуінің негізгі факторы болды. Жұмысынан айырылып қалудан немесе карантинге түсуден пайда болған қорқыныш тұтынушылық шығындардың төмендеуіне әкелді. Тұтынушылық сұраныстың төмендеуі бизнестің қысқаруына әкелді, бұл кәсіпорындардың өз міндеттемелерін төлей алмауы және қарыздарын өтей алмауы, несиелік қабілеттілік төмендеуі сияқты жағымсыз салдарларды тудырды. Компаниялардың табысының төмендеуі мемлекет бюджетіне салық түсімдерінің қысқаруына әкелді. Мақаланың мақсаты – пандемияның еліміздің экономикасына әсерін қарастыру, себебі пандемия кезінде байқалған белгісіздіктің жоғары деңгейі, жағдайдың тұрақсыздығы мен стандартсыздығы экономикаға және әлеуметтік салаға кері әсерін тигізді. Жұмыста Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің 2017-2021 жж. ұлттық статистика бюросының материалдарын пайдалана отырып, экономикалық-статистикалық зерттеу әдістері қолданылды. Пандемияның аса өткір кезеңінде – 2020 ж. ел экономикасын дамытудың негізгі проблемалары және оған сәйкес мемлекет қабылдаған негізгі шаралар си- патталды. Жүргізілген талдау осындай дағдарыс қайталанған жағдайда Қазақстан үшін мүмкін және ықтимал шығындарды көрсететі, сондай-ақ оның салдарлары мен залалдарын азайту үшін қабылдануы тиіс шаралар- ды айқындайды.
Цифрлық трансформация және өзгермелі геосаяси жағдайға байланысты тұтынушылардың мінез-құлқындағы өзгерістерді зерттеу мәселесі ерекше маңызға ие. Тұтынушылардың сатып алу туралы шешім қабылдау мен оны жүзеге асыру кезіндегі мінез-құлқының өзгеру акселерациясына геосаяси оқиғалардың салдары, сондай-ақ жаһандық тенденциялардың таралуы тікелей әсер етеді. Тұтынушылардың мінез-құлқының өзгеруіне әсер етудің жеке факторы ретінде экономикалық саланы белсенді цифрландыру атап көрсетілген. Бұл мақаланың мақсаты – жүргізілген далалық зерттеулер деректерін сандық бағалау негізінде, Қазақстан Республикасындағы тұтынушылардың мінез-құлқын өзгертудің негізгі тенденцияларын талдау, сондай-ақ нарықтық жағдайдың дамуының жалпы тенденцияларын анықтау болып табылады. Тұтынушылардан сауалнама алу мен сарапшылар сұхбатының нәтижесінде сандық өрнектер алынып, негізгі гипотезалар расталды және тұтынушылардың мінез-құлқының өзгеруіне әсер ететін маңызды заманауи факторлар анықталды. Әсер етудің айнымалы факторлары да тікелей корреляциялық талдау арқылы бағаланып, тұтынушылардың мінез-құлқындағы қазақстандық және жаһандық тенденциялар бағаланды. Авторлар алған деректер негізінде тұтынушылардың мінез-құлқының динамикалық түрленуі жағдайында бизнесті қолдау және дамыту саласында өз ұсыныстарын ұсынды. Зерттеу нәтижелерін қазақстандық FMCG және бөлшек сауда компаниялары, интернет-дүкендер, базарлар интернет-сауданы дамыту стратегиясын құруда да, қазіргі заманғы тұтынушылардың мінез-құлқын зерттеуде де, сондай-ақ сауда маркетингі саясатын қалыптастыруда да пайдалана алады. Сонымен қатар, деректерді маркетингтік жарнамалық науқандарды және басқа да тактикалық шешімдерді жүзеге асыру кезінде пайдалануға болады.
Қазіргі уақытта цифрландыру қарқыны, оның құралдарын жаңғырту жылдамдығы, адам мен қоғам өмірінің барлық салаларында қолданылатын ақпараттық-коммуникациялық технологиялар аясында жаңа инновациялық өнімдердің пайда болу деңгейі өте жоғары. Технологиялар жаңа салаларды дамытудың қозғаушы күшіне айналып, қоғам мәселелерін шешуші маңызды әлеуметтік рөлдерге ие болуда. Ағымдағы жаһандық трендтер Қазақстан үшін де өзекті, өйткені ғылыми-техникалық, технологиялық және ақпараттық прогрестің дамуымен еңбек нарығының рөлі де артуда. Жаһандық трендтерді, олардың экономика мен еңбек нарығына әсерін түсіну, тиімді шаралар әзірлеу үшін практикалық қорытындылар жасау маңызды. Технологиялардың дамуы нәтижесінде «болашақ кәсіптер» күрделірек болып, білікті мамандарды даярлауда жаңа тәсілдерді қолдануды талап етеді. Бүгінгі таңда Қазақстан әлемнің ең дамыған отыз мемлекетінің қатарына кіруге деген ұмтылысында ағымдағы сын-қатерлерді ескеріп, болып жатқан өзгерістер нәтижесінде пайда болатын жағымсыз салдардың алдын алу үшін мемлекеттік саясатын бейімдеуі қажет.Мақала жаңа жаһандық сын- қатерлердің ықпалымен ел экономикасы аясында жұмыспен қамтудың жаңа нысандарын іздестіру жағдайын қалыптастырудың негізгі аспектілерін ашады. Шет елдермен салыстырғандағы қазақстандық еңбек нарығының дамуын талдау нәтижелері көрсетіліп, еңбек нарығын мемлекеттік реттеу жүйесінің мәселелері қарастырылды. Цифрландыру мен автоматтандыру жағдайындағы өзгерістер Қазақстанның еңбек нарығында жұмыспен қамтудың жаңа жолдары мен нысандарын іздеуге алып келеді деген қорытынды жасалды.
Бірегейліктің, оның ішінде азаматтық бірегейліктің әр елде өзіндік ерекшеліктері бар. Азаматтық бірегейліктің мазмұны, құрамдас бөліктері, индикаторлары қоғамның тұтастығын қамтамасыз етуде әртүрлі мәнге ие. Сондықтан мемлекет өз қоғамының азаматтық бірегейлігін қалыптастыру кезінде өзінің ішкі тарихисаяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайын ескеруі керек. Бір мемлекеттің қоғамдастығында қалыптасқан азаматтық бірегейлік моделін екінші мемлекеттің қоғам бірлестігінде пайдалану өзінің тиімсіздігі мен нәтижеге жетпеуімен сипатталады. Мақалада азаматтық бірегейлік деңгейіне экономикалық фактордың әсері көрсетілді. Ол үшін әр жылдары жарық жүргізілген әдіснамалық тұрғыда негізделген жалпыхалықтық әлеуметтік сауалнамалардың қорытындылары мен сол зерттеу жүргізілген жылдардағы мемлекеттегі экономикалық өсімнің негізгі көрсеткіштеріне салыстырмалы талдау жүргізілді. Бүгінде елдегі экономикалық жағдай азаматтардың азаматтық бірегейлігіне айтарлықтай әсер етеді деген пікір кеңінен таралуда. Ондағы айқын байланыс экономикалық жағдайдың нашарлауының азаматтық бірегейлік деңгейінің төмендеуімен сәйкес келуі. Ұлттық экономиканың жағдайы азаматтық бірегейлікке әсер етуде маңызды рөл атқарады. Яғни, ғылымда экономикалық жағдайдың нашарлауы азаматтық бірегейліктің қалыптасуын баяулатады және азаматтықты қалыптастырмайды. Күрделі экономикалық жағдайлар азаматтық бірегейлікке теріс әсер етеді. Сондықтан елімізде азаматтардың көші-қонға байланысты ниеттері қалыптасуда. Бұл мәселенің алдын алу мақсатында бірінші кезекте елдегі экономикалық жағдайды түзету қажеттілігі анықталды. Шынында да, экономикалық, материалдық жағдайсыз азаматтарда азаматтық сезімі болмайды.
ТУРИЗМ: ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ
Қазақстанда туристік саланы дамытудың басымдығы ұлттық экономика құрылымын әртараптандыру және оның шикізаттық бағыттан ауысудың қажеттілігімен негізделген. Сырттан келушілер туризмін дамыту валюталық түсімдердің өсуіне, қазақстандықтар үшін ішкі демалыстың қолжетімділігін қамтамасыз етуге ықпал етуі тиіс. Соңғы екі жылдағы оқиғалар (COVID-19 пандемиясы, Еуразия өңіріндегі геосаяси ахуалдың күрделенуі) отандық туризмге назар аударуды арттыру және оның дамуын тежейтін проблемаларды жою қажеттілігін анықтады. Қазақстандық туризмді дамытудың табыстылығы көрсетілетін қызметтердің деңгейімен айқындалады. Өкінішке орай, бүгінгі күні қазақстандық туристік нарық осы саланың қазіргі әлемдегі барлық белгілі жаңалықтарына сай деп айтуға болмайды. Сонымен қатар, қабылданған іс-әрекеттердің тиімділігін стейкхолдерлерге функционалдық жауапкершілік пен өкілеттіктерді дұрыс беру арқылы ғана қамтамасыз етуге болады. Сондықтан, осы мақалада туристік инновацияны жүзеге асырудың авторлық моделін құру мақсаты әртүрлі қызмет салаларына инновацияларды енгізудегі туристік саладағы жауапкершілік деңгейлерін көрсету болып табылады. Ұсынылған модель туристік саланы дамыту стратегиясын әзірлеуде қолданылады. Мақаланы жазу кезінде талдау және синтездеу, индукция және дедукция, салыстырмалы талдау әдістері, сондайақ визуализация әдісі қолданылды. Зерттеу нәтижелері туризмдегі инновациялар теориясының ғылыми негіздерін толықтырып, туризмді дамытудың аймақтық және ұлттық бағдарламаларын жасауда қызығушылық тудыруы мүмкін.
ЖАС ЗЕРТТЕУШІНІҢ МІНБЕСІ
АӨК-ті мемлекеттік реттеу және қолдау – үкіметтің өндіріс нарықтарына, ресурстар нарықтарына, саудаға, қоғамдық тауарларға инвестицияларға, жаңартылатын және сарқылатын табиғи ресурстарға, сыртқы факторларды реттеуге, азық-түлік тауарларының маркетингі мен таралуына араласуының күрделі және дамып келе жатқан желісі. Бұл мақаланың мақсаты – Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығын дамытудың тұжырымдамалық көзқарасын қалыптастыру және агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік реттеу. Мақалада Қазақстан экономикасындағы аграрлық сектордың негізгі бағыттары туралы көзқарастар бейнеленген 5 бөлім ұсынылады: 1) негізгі микроэкономикалық көрсеткіштер; 2) ауыл шаруашылығы секторын қаржыландыру; 3) ауыл шаруашылығын қолдау; 4) саясаттың негізгі құралдары; 5) саясаттағы соңғы өзгерістер; 6) ауыл шаруашылығын дамытудың тұжырымдамалық көрінісі. Зерттеу нысаны – Қазақстанның АӨК болып табылады. Жұмыста АӨК дамуының негізгі индикаторларына баға беріліп, мемлекеттік қаржылық қолдау бағаланды, мал шаруашылығының, балық шаруашылығының, өсімдік шаруашылығының қазіргі жай-күйі талданды. Жұмыста деректерді іріктеудің жүйелік тәсілі, шындықты сандық және сапалық зерттеу әдістері, экономикалық, статистикалық және салыстырмалы талдау әдістері есептерді шешудің әдіснамалық құралы ретінде қолданылады. Жұмыстың талдамалық бөлігі ЭЫДҰ деректері, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің, Дүниежүзілік банктің сайтында жарияланған ауыл шаруашылығы жөніндегі ресми статистикалық деректерге негізделген. Авторлардың пайымдауынша, саяси және экономикалық жетістіктер болашақ ауылшаруашылық және азық-түлік саясатының әл-ауқатын жақсартатын реформалардың жүзеге асырылуына мүмкіндік туғызады.
Қазіргі уақытта ұлттық бәсекеге қабілеттілік әлемдік экономикалық жүйеде орын алу үшін күрес құралы ретінде ұсынылады. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономикасының бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыру, қамтамасыз ету және арттыру мәселесі «Қазақстан–2030» Стратегиясын, «Қазақстан–2050» Стратегиясын, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын және мемлекет экономикасын жаңғыртуға бағытталған басқа да мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу кезіндегі негізгі мәселе болып табылады [1]. Мақаланың мақсаты – адами капиталдың экономиканың дамуына әсерін зерттеу. Нарықтардың жаһандануы және экономикалық қатынастардың трансұлттануы елдер мен ірі корпорациялар арасындағы ықпал ету мен өткізу нарықтары үшін бәсекелестікті күшейтеді және бәсекелестіктің жаңа құралдары мен әдістеріне ықпал етеді. Инновацияларды енгізуге, экономиканы жаһандану жағдайларына бейімдеуге, жоғары бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізуге мүмкіндік беретін адами капитал. Әлемдік экономиканың жаһандануы жағдайында ел кәсіпорындары жалпы техникалық-технологиялық артта қалу, экономиканың шикізатқа бағдарлануы, өндірістік инфрақұрылымның дамымауы, әлемдік экономикаға төмен интеграция, әлеуметтік инфрақұрылымның дамымауы сияқты өткір мәселелерге тап болады. Ғылым мен өндіріс арасында тиімді байланыстың болмауы, ҒЗТКЖ, конструкторлық жұмыстарға және т.б. шығындардың төмендігі осы міндеттерді шешу үшін Қазақстанда қоғамдық әл-ауқаттың негізі бола алатын бәсекеге қабілетті ғылымды қажет ететін экономиканы құру қажет болады. Келешекте Қазақстанға инновациялық, дағдарыстан кейінгі экономика құру қажет, яғни білімді пайдалануға негізделген, білімді талап ететін салаларды дамытуда адамның зияткерлік капиталын іс жүзінде пайдалану үшін мүмкіндіктер туғызатын, алтыншы экономикалық құрылымға көшуді қамтамасыз ететін, зияткерлік экономиканың ерекшеліктерін қабылдайтын экономика.
Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі көптеген өнімдердің бұрмалануы мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуіне, сондай-ақ соңғы жылдары жеткізу тізбегі желісінің жалпы өсуіне, сол арқылы азық-түлік қалдықтарының деңгейінің артуына байланысты шиеленісіп отыр. Блокчейн технологиясының соңғы эволюциясынан бері ол өнімдердің түпнұсқалығына кепілдік беру және қадағалау, сондай-ақ жеткізу тізбегін тиімді басқару сияқты жоғары әлеуетті мүмкіндітерге уәде береді. Сонымен қатар, блокчейн дұрыс бағытта қоғам мен елдердің экономикасында пайдаланылған жағдайда, өмірімізді өзгерте алатын сегіз негізгі технологияның бірі ретінде танылды. Қазақстанда азық-түлікпен қамтамасыз етуді қамтамасыз ететін инфрақұрылым жоқ, сондай-ақ бағаны мемлекеттік бақылауды күшейтуге қатысты бірқатар мәселелер шешілген жоқ. Бұл зерттеудің мақсаты – азық-түлік жеткізу тізбегін тиімді басқаруға, барлық мүдделі тараптардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік беретін блокчейннің артықшылықтарын анықтау және оны дәстүрлі жеткізу тізбегінің жүйесімен салыстыру. Мақалада экономикалық, саяси, әлеуметтік, технологиялық мүдделерді ескеретін факторлық талдау қолданылып, оның көмегімен қазіргі уақытта бар мәселелер айқындалды. Нәтижелер блокчейнді азық-түлік жеткізу тізбегінде қолдану мемлекеттің, өндірушілердің және соңғы тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыратынын көрсетеді. Жұмыстың құндылығы дүние жүзіндегі соңғы зерттеушілердің тәжірибесіне сүйене отырып, блокчейн технологиясын Қазақстанға бейімдеуге және азық-түлік қауіпсіздігі жағдайында қолдану мүмкіндігіне негізделген теориялық зерттеулер болып табылады. Бұл жұмыс көптеген экономикалық аспектілерді қамтиды және алдағы зерттеулерге негіз бола алады.
Мақалада кәсіпкерлік құрылымдардың инновациялық әлеуетін қалыптастыру мен дамытудың шетелдік тәжірибесі қарастырылады. Зерттеудің мақсаты шетелдік тәжірибені талдау негізінде Қазақстандағы кәсіпкерлік құрылымдардың инновациялық әлеуетін қалыптастыру, дамыту және ынталандыру бойынша жаңа ұсыныстар әзірлеу болып табылады. Кәсіпкерлік құрылымдардың инновациялық әлеуетін қалыптастыру мен дамытудағы бай әлемдік тәжірибені ескере отырып, көптеген экономистер сәтті әлемдік тәжірибені жүзеге асырып, басқа елдердің қателіктерін ескере отырып, инновациялық экономиканы қалыптастыру процесін жеделдетуге болады деп санайды. Мақалада авторлар АҚШ, Жапония және Еуропалық Одақ елдерінің тәжірибесін атап өтті, өйткені бұл елдер жаңғыртудың негізі болып табылады, дәл осы жерлерде озық технологиялардың орталықтары орналасқан. Зерттеу нәтижелері мемлекеттің инновациялық кәсіпкерлікті қалыптастыру мен дамытуда шешуші рөл атқаратындығын, бір жағынан ұлттық инновациялық жүйенің жұмыс істеу ережелерін белгілейтінін, екінші жағынан қаржыландыруды қоса алғанда, ресурстық компонентті қамтамасыз ететінін көрсетті. Сондықтан батыс елдерінде инновациялық кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Сондай-ақ, мақалада кәсіпкерлік құрылымдардың инновациялық қызметін жан-жақты ғылыми-техникалық, қаржылық, өндірістік, ақпараттық қолдауды қамтамасыз ететін салалық даму орталықтарын құру, даму институттарын қосу арқылы инновацияларды дамыту бойынша бірыңғай оператор құру, Инновациялық обсерватория деп аталатын прогрессивті технологиялар мен инновациялық әзірлемелер бойынша мамандандырылған ақпараттық-іздестіру алаңын құру тәжірибелері қарастырылды. Бұл зерттеу бизнес құрылымдарының инновациялық белсенділігін ынталандыруда барынша Қазақстанға бейімделген ұсыныстарды әзірлеуге мүмкіндік берді.
Мақаланың мақсаты – аймақтық экономиканың бәсекеге қабілеттілік мәселелерін зерттеу. Қазіргі нарық жағдайында аймақтар инвестициялық ресурстарға (мемлекеттік, жеке және шетелдік), сондай-ақ ресурстардың барлық көздері мен өткізу нарықтарына салық төлеушілерді тарта отырып, өзара бәсекелеседі. Бұл ретте аймақтар ұлттық және халықаралық нарықтардың дербес субъектілері болып табылады. Жоғарыда айтылғандарға байланысты бүгінгі күні біз үшін Қазақстан өңірлерінің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті болып отыр. Қазақстан Үкіметінің негізгі мақсаттарының бірі – оның өндірістік базасын әртараптандыру және аумақтарды дамытудың ұлттық стратегиясын жүзеге асыру арқылы ел экономикасының тұрақты өсуін қамтамасыз ету. Дегенмен, өңірлік бәсекеге қабілеттіліктің алғы шарттары ұлттық деңгейде қаланған. Өңірлердің тұрақты дамуы елде өсуге, жұмыспен қамтуға, тұрақтылыққа ықпал ететін макроэкономикалық орта және кәсіпкерлікті дамыту мен жұмыс орындарын құруды ынталандыратын салық салу және реттеу жүйелері сияқты қолайлы жағдайлар болған жағдайда ғана мүмкін болады. Макроэкономикалық жағдайды дұрыс бақылаған жағдайда елдің бәсекеге қабілеттілігін тежейтін нарықтық бұзылуларды еңсеруге бағытталған микроэкономикалық реформалар аймақтық және жергілікті деңгейде ғана тиімді болуы мүмкін. Шын мәнінде, елдің салыстырмалы артықшылығының басым бөлігі оның аймақтарының ерекшеліктерімен анықталады, ал тиімді ұлттық бәсекеге қабілеттілік стратегиясы аймақтардың сипаттамаларын (мүмкіндіктері де, әлсіз жақтары да) ескеруді талап етеді. Өңірдің бәсекеге қабілетті дамуы әдетте түрлі әлеуметтік, сондай-ақ экономикалық мақсаттардың үйлесімі жағынан қарастырылатын сан алуан өлшемді процесс екенін есте ұстаған жөн.
Капитал құрылымы компанияның қаржылық жағдайы мен оның нарықтық құнына да әсер ететін фактор болып табылады. Капиталдың оңтайлы құрылымы компанияның тиімді жұмыс жасауының қажетті шарты болып табылады. Зерттеудің мақсаты – капитал құрылымын оңтайландыру әдістерін негіздеу және мұнай-газ компаниясы мысалында капитал құрылымын бағалау. Мақалада капиталдың оңтайлы құрылымын қалыптастыру әдістері қарастырылған. Аудиттелетін компанияның қарыздар мен сыртқы қарыздар бойынша қаржылық берешегін және сыртқы қарыздарды тарту рентабельділігін көрсететін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ капиталының қаржылық құрылымына баға берілді. Компанияға акциялардың жаңа эмиссиясы есебінен жарғылық капитал мен меншікті капиталды ұлғайту және сыртқы қарыздар мен несиелерге тәуелділікті төмендету, капитал алу және операциялық пайданы ұлғайту есебінен капитал құрылымын оңтайландыру ұсынылды. Зерттеу әдістемесі – қаржылық талдау, экономикалық және статистикалық әдістер, капиталдың оңтайлы құрылымын қалыптастыру әдістері. Зерттеудің ғылыми маңыздылығы капитал құрылымын талдау және көптеген капитал компаниялары үшін тартымдылықты бағалау негізінде зерттелетін компанияның капитал құрылымын оңтайландыру қажеттілігі болып табылады. Капиталдың оңтайлы құрылымын қалыптастыру кезінде кәсіпорынның салалық ерекшеліктері ескеріледі, олар өз кезегінде қаржыландыру көздері мен капитал құрылымына әсер етеді.
Мақаланың негізгі мақсаты мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігінің (МЖӘ) басқару жүйелерін құру мен жұмыс істеудің шетелдік тәжірибесін бағалау және талдау, олардың елдік ерекшеліктерін бөліп көрсету және оны дамытудың неғұрлым табысты тәжірибелерін ұсыну. Мақалада мемлекеттік-жекешелік әріптестік (бұдан әрі-МЖӘ) жобаларын басқару жүйелерін құру мен жұмыс істеудің шетелдік тәжірибесі ұсынылып, олардың елдік ерекшеліктері көрсетілген және оны дамытудың неғұрлым табысты тәжірибелері ұсынылған. Авторлар заңнамалық-нормативтік қамтамасыз ету аспектілерін, МЖӘ басқару және дамыту жүйесінің қағидаттарын, инфрақұрылымды дамытуды ұзақ мерзімді жоспарлауды, МЖӘ шеңберінде мемлекеттік басқару органдарын құру мен ұйымдастырудың құралдары мен әдістерін қозғады. Мақаланың нәтижесі мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласында жинақталған практикалық тәжірибені зерделеу барысында жиналған деректер негізінде шет елдердің МЖӘ тетігін іске асыру және енгізу жөніндегі деректерді жинау және зерттеу, МЖӘ саласындағы мемлекеттік басқару жүйелерінің табыстылығының негізгі өлшемдерін айқындау болып табылады. Зерттеу барысында талдау әдістері, жалпылаудың теориялық және логикалық әдістері, салыстыру және салыстыру, дедукция және индукция, формализация әдістері, логикалық интерпретация, логикалық негіздеу әдістері, талдау мен бағалаудың нәтижелерін кестелік ұсыну әдісі қолданылды. Жұмыстың негізгі нәтижелері мен практикалық маңыздылығы МЖӘ саласындағы мемлекеттік басқару жүйелерінің табыстылығының негізгі өлшемдерін айқындауға мүмкіндік беретін МЖӘ жобаларын басқару жүйесінің жұмыс істеуін нормативтік-құқықтық қамтамасыз етудің МЖӘ шеңберінде мемлекеттік басқару органдары жүйесін ұйымдастырудың жүйеленген шетелдік практикасы болып табылады. Авторлар Қазақстан Республикасының МЖӘ жүйесін жетілдіруге қатысты ұсыныстарымен бөлісті.
Қазіргі әлемде әр мемлекеттің экономикасында көлік саласының маңызы артып келеді. Көлік саласы Қазақстан экономикасының ЖІӨ құрылымында қомақты үлес алатын маңызды секторы болып табылады. Қазақстан Республикасы аумағының үлкендігі және халықтың орналасу тығыздығының төмен болуы, сонымен қатар экономиканың қарқынды дамуы жүк және жолаушыларды тасымалдау қажетіллігін қалыптастырды. Қазақстандағы көлік кешенінің жағдайы отандық және шетелдік сарапшылардың ерекше назарында, олар оның негізгі кемшіліктерін белгілеп көрсетті. Мақалада Қазақстан Республикасы аумақтарын дамытудағы көлік инфрақұрылымының рөлін негіздеу және оны дамытудың жолдары қарастырылған. Зерттеуде жалпылау, салыстыру, жүйелеу және статистикалық талдау сияқты зерттеу әдістері қолданылды. Жұмыс аясында көлік инфрақұрылымының рөлі, маңызы анықталып, көлік инфрақұрылымы дамуының ел экономикасына әсері қарастырылды, республика аумағындағы транзиттік мүмкіндіктері қарастырылып, Қазақстанның көлік инфрақұрылымының артықшылықтары мен кемшіліктеріне талдау жасалды, көлік инфрақұрылымы мәселелері және оны шешу жолдары қарастырылды. Республикадағы жолдарды жөндеу сапасына және көлік құралдарын жаңартуға, көлік кешенін білікті кадрлармен және көлік бейініндегі ғылыми мекемелермен қамтамасыз етуге байланысты мәселелер анықталды. Жүргізілген зерттеу нәтижесінде көлік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту ұсынылды. Зерттеу нәтижелері көлік инфрақұрылымы теориясын дамытуда белгілі бір үлес қосады және тиісті пәндер бойынша дәрістер дайындау үшін қолданылуы мүмкін, сондай-ақ терең зерттеулер жүргізуде негіз болады.
Мақалада ұлттық төлем жүйесінің тәуекелдерін бағалаудың теориялық, әдістемелік және практикалық аспектілері қарастырылған. Дүние жүзінде өсіп келе жатқан нарықтық инфрақұрылымға, технологиялық өзгерістерге және жаһандық және ұлттық құқықтық-нормативтік ортаның дамуына, өндіріс көлемінің ұлғаюына және сәйкесінше шаруашылық жүргізуші субъектілердің, оның ішінде жеке тұлғалар мен материалдық өндіріс саласындағы кәсіпорындардың операциялары санының артуына байланысты, сондай-ақ қаржылық қызмет көрсету саласындағы технологиялардың дамуы ұлттық төлем жүйелерін нарықтың сын- қатерлеріне тұрақты түрде дамыту және бейімдеу және өз уақытының талаптарына сай келетін неғұрлым заманауи және ыңғайлы қызметтерге трансформациялау қажеттілігі туындайды. Мемлекеттің, қаржы нарығының, жеке тұлғалардың және шаруашылық жүргізуші субъектілердің ақша қаражаттарын қауіпсіз және тиімді аударудағы қажеттіліктерін қанағаттандыратын төлем жүйесінің болуы кез келген дамыған елдің ұлттық инфрақұрылымының маңызды элементі болып табылады. Барлық уақытта төлем жүйелерін ұйымдастыруға, реттеуге және нарықтық сұранысқа қойылатын жаңа талаптарға сай болу үшін бұл салада дер кезінде реформалар жүргізу талап етілді. Осы жылдар ішінде төлем жүйелері жаңа төлем әдістері, платформалар мен интерфейстердің пайда болуына байланысты бірқатар елеулі өзгерістерге ұшырады. Бұл ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы қарқынды дамумен, сондай-ақ клиенттерден – қаржылық қызметтерді тұтынушылардан күту мен сұраныстың артуына байланысты. Соңғы уақытқа дейін бөлшек сегментте төлемдерді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қызметтерді құру және дамыту қызметі бөлшек клиенттердің операцияларына қызмет көрсетуді қамтитын банк қауымдастығына жүктелді. Алайда, соңғы жылдары жылдам, кепілдендірілген және арзан төлемдерді жүзеге асыру үшін банкаралық қызметті ұйымдастыру қажеттілігіне байланысты, көбірек орталық банктер банкаралық бөлшек төлемдерге арналған өздерінің төлем жүйелерін енгізумен айналысуда.
БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ ОҚЫТУ: ӘДІСТЕМЕ, ТЕОРИЯ, ТЕХНОЛОГИЯ
Заманауи әлемнің жаңа акторлары мен жаңа түсініктері елдер мен қалалардың әртүрлі салаларда дамуына мәжбүрлеуде. Соңғы кездері университеттер осындай дамудың аясында қалалардың экономикалық, мәдени және әлеуметтік трансформациясының маңызды актерлерінің біріне айналды. Университеттер өздері құрылған аймақтың экономикалық дамуына ғана ықпал етіп қана қоймай, қоғамның әлеуметтік-мәдени құрылымына да әртүрлі деңгейде әсер етуде. Университеттер әртүрлі мәдени ерекшеліктері бар студенттер мен академиялық немесе ғылыми қызметкерлерді бір ортаға біріктіріп, мәдениеттер арасындағы өзара әрекеттесуді қамтамасыз етеді. Университет пен қаланың өзара әрекеттесуінен бастау алатын бұл зерттеу жұмысы университет пен қаланың өзара әрекеттесуін зерттеуге және университеттердің қалаларға әлеуметтік, мәдени және экономикалық әсерін анықтауға бағытталған. Басқаша айтқанда, біздің бұл зерттеу жұмысымыз жергілікті халықтың өз қаласындағы университетке деген көзқарасы мен күтетін нәтижелеріне талдау жасау арқылы университеттің қаланың экономикалық, әлеуметтік және мәдени өміріне қосқан үлесін анықтауды мақсат етеді. Зерттеу үлгісі ретінде Түркістан қаласында орналасқан, Қазақстанның жас жоғары оқу орындарының бірі Ахмет Ясауи университеті таңдалды. Зерттеу деректері бетпе-бет жүргізіген сұхбат арқылы алынған сауалнама әдісімен жиналды. Біздің зерттеуіміз Ахмет Ясауи университеті қаланың экономикалық өмірін жандандырып, жаңа инвестицияларды тарта отырып, қаланың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал еткенін көрсетті. Авторлардың пікірінше, зерттеу нәтижелері, Түркістан қаласының уақыт өте келе дамуының аспектілерін көрсетеді және Ахмет Ясауи университеті мен Түркістан қаласына қызығушылық танытқан басқа зерттеушілер үшін жаңа ізденістер көзіне айналып, басқа қалалар мен университеттерге үлгі болады.
Тұрақты бәсекелестіктің заманауи жағдайында қазақстандық жоғары оқу орындар білім беру қызметтерін ілгерілету үшін әртүрлі арналарды пайдаланады. Бұл офлайн және онлайн маркетингті ілгерілету арналары. Ал дәстүрлі жарнама арналары жақсы зерттеліп, түсінілсе, цифрлық арналар пысықтауды және оларды пайдалану тиімділігін арттыруды қажет етеді. Интернет – жастардың негізгі ақпарат көзі. Білім беру қызметтерін интернетте ілгерілету кез келген деңгейдегі және тұтынушылық сегменттегі маркетингтің жетекші саласына айналуда. Бұл үрдіс жоғары оқу орындарына да әсер етті. Қазақстандық университеттер білім беру қызметтерін ілгерілету үшін цифрлық маркетингті дұрыс пайдаланбайды. Ақпаратты беру арналарын пайдалануды түрлендіру білім беру қызметін ілгерілету тәсілдерін өзгертуді талап етеді. Мақаланың мақсаты – цифрлық ілгерілету әдістерін талдау негізінде білім беру қызметтерін онлайн ілгерілетудің алгоритмін әзірлеу. Жұмыста талдау және синтез әдістері, жүйелік талдау әдісі, әдебиеттерді ретроспективті талдау, веб- аналитика, салыстырмалы талдау, статистикалық мәліметтерді талдау, құжаттарды ресімделмеген талдаулар қолданылды. Талдау құралы ретінде similarweb.com ресурсы пайдаланылды. Қазақстан Республикасының жетекші жоғары оқу орындарының веб-сайттарының клиенттері мен бәсекелестерінің желілік трафигі мен әрекеттеріне салыстырмалы талдау жүргізілді. Талдау негізінде сайт трафигін толық пайдаланбау туралы қорытындылар жасалды. Білім беру қызметтерін онлайн ілгерілету алгоритмі әзірленді. Университеттің білім беру қызметтерін ілгерілету және университеттің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету, арттыру үшін дәстүрлі және цифрлық маркетингті кешенді пайдалану үшін қайта жоспарлау қажеттілігі туралы қорытындылар жасалды. Зерттеу нәтижелерін білім беру ұйымдары білім беру қызметтерін ілгерілетудің маркетингтік стратегиясын әзірлеу кезінде пайдалана алады.
Қазіргі жағдайда жоғары білім беру жүйесін жаңғырту контекстінде жоғары оқу орындарының цифрлық экожүйесі шешуші рөл атқарады. Табиғи экожүйелердің цифрлық аналогтары ретінде цифрлық экожүйелер бір немесе бірнеше тапсырмаларды орындайтын және өзара әрекеттесу мен өзара байланыстарға бағытталған жеке адамдар, ұйымдар, қызметтер, бағдарламалық қамтамасыз ету және қолданбалар сияқты көптеген тәуелсіз нысандардан тұрады. Ғылыми зерттеулердің мазмұнын талдау цифрлық экожүйе тұжырымдамасына қатысты әртүрлі амалдарды көрсетті. Бұл зерттеуде цифрлық экожүйе трансформациялық процестер контекстінде қарастырылады. Автор цифрлы экожүйенің тиімді дамуына ықпал ететін миллиардтаған компанияларға ұсынылған цифрлық трансформацияның жол картасын негізге алды және оны жоғары оқу орындарға бейімдеуге тырысты. Цифрлық өзгерістерге ұшырайтын негізгі бағыттар стейкхолдерлермен өзара әрекеттесу, операциялық қызмет, қызметкерлердің тәжірибесі, сондай-ақ бизнес-модельді түрлендіру және цифрлық платформаларды дамыту болып табылады. Әрбір жеке бағыт цифрлық трансформацияны бастауға және ынталандыруға мүмкіндік беретін құрал болып табылады. Бұл ретте, цифрлық трансформация күшті көшбасшылықты, дамудың нақты белгіленген бағытын және ЖОО-ның даму стратегиясымен келісілген пайымдаманы талап етеді. Сондай-ақ, кез-келген цифрлық өзгерістер белгілі бір бағытта даму кепілдігін қамтамасыз ету үшін инвестициялар мен тиімді коммуникацияларды қамтиды. Бұл зерттеу цифрлық трансформацияның әртүрлі кезеңдерінде ЖОО басшыларына пайдалы болуы мүмкін.
ISSN 2959-1236 (Online)